Қордайдағы жол апаты: тағы бір адам көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қордайдағы жол апатынан ауруханаға түскен ер адам қайтыс болды. Бұл туралы №7 қалалық аурухананың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауруханаға пациент өте ауыр жағдайда жеткізілді. Ауыр жарақат алғандықтан, комаға түсті. Өкінішке орай оны аман алып қала алмадық», - деді №7 қалалық аурухананың баспасөз қызметінен.

Жол-көлік оқиғасы тіркелген күннен бастап Қылмыстық кодекске сәйкес күдікті болып саналған 44 жастағы автобус жүргізушісі ұсталып, Қордай аудандық уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Қордай аудандық сотының шешімімен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.

Апатқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жеңіл мешина мен жүк көлігінің соқтығысу дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске салайық, 20 сәуір күні «Алматы-Ташкент» автожолының 181-шақырымында «Тойота» маркалы көлік бір бағытта келе жатқан жүк машинасына соғылды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматыға бет алған «Van Hool» автобусы жол шетіне шығып кетіп аударылды. Бұған дейін автобус жол апатына түскен көліктерді айналып өтуге әрекеттенгені хабарланған еді. Жол апатынан 11 адам қаза болды, 31-іне түрлі деңгейде медициналық көмек көрсетілді.

Қазір 8 адам ауруханада жатыр. ҚР ІІМ мәліметінше, апатқа ұшырағандар арасында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке көңіл айту жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар