Қордайдағы вакцина шығаратын зауыттың құрылысына қатысты кеңес өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Қордай ауданындағы биофармацевтикалық зауыт құрылысы бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасындағы биофармацевтикалық зауыттың құрылысы бойынша кеңес өткізді.

Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Канцлерінің орынбасары Олжас Смағұлов, Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов және Білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дауленов қатысты. Сонымен қатар басқосуда Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының басшылары, мүдделі мемлекеттік органдар, сарапшылар мен мердігерлердің өкілдері де болды.

Зауыттың құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Кәсіпорында әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығару жоспарлануда. Жылдық өндіріс көлемі 30-60 миллион доза биологиялық өнімді құрайды.

Кездесу барысында жобаны іске асырудағы ағымдық мәселелер, соның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстары, өндірістік жабдықты сатып алу және орнату, валидация және GMP сертификаттау рәсімдері және басқа да жайттар сараланды.

«Зауыттың стратегиялық маңызы бар, сондықтан жұмыс сапасына және белгіленген мерзімде аятауға баса назар аудару қажет. Зауыт өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Бұл үшін барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдардың үйлесімді жұмысы қажет», — деді Бердібек Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар