Қордайдағы қантөгіс: ІІМ тағы 2 адамның қайтыс болғанын растады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы оқиға бойынша 10 адамның көз жұмғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 адам көз жұмды. 39 адам ауруханада жатыр. Сонымен біреге зардап шеккендердің ішінде бес полицей бар. Үшеуі қарудан жараланған. Алайда полиция қызметкерлері ешқандай қарудың қолданбағанын айтқым келеді», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, кешегі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордайдағы оқиға салдарынан 8 адамның қайтыс болғанын мәлім еткен еді.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Кеше Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар