Қордайдағы ірі жол апаты: Автобус жүргізушісі қамауға алынды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Қордай ауданында 11 адам қаза болып, 31-і зардап шеккен ірі жол апатына қатысты автобус жүргізушісі қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы тіркелген күннен бастап Қылмыстық кодекске сәйкес күдікті болып саналған 44 жастағы автобус жүргізушісі ұсталып, Қордай аудандық уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.

Қордай аудандық сотының шешімімен күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.

«Автобус жүргізушісі бөгетті көре тұра жылдамдықты бәсеңдетіп, тоқтауға міндетті тұғын. Не болмаса жылдамдықты төмендетіп, бөгетті айналып өтуі керек болатын. Бұл жерде көліктің тізгініне ие бола алмай қалған. Салдарынан автобус жолдың шетіне шығып аударылып кеткен», - деді облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Жарасхан Ақбердиев.

Көптеген адамның өліміне алып келген екі жол апаты бойынша, яғни жеңіл көліктің жүк көлігімен соқтығысуы және автобустың аударылуы бойынша қылмыстық істер қозғалған.

«Қазір мамандар жіті тергеп-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Апатқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жеңіл мешина мен жүк көлігінің соқтығысу дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді ведомстводан.

Еске салайық, 20 сәуір күні «Алматы-Ташкент» автожолының 181-шақырымында «Тойота» маркалы көлік бір бағытта келе жатқан жүк машинасына соғылды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматыға бет алған «Van Hool» автобусы жол шетіне шығып кетіп аударылды. Бұған дейін автобус жол апатына түскен көліктерді айналып өтуге әрекеттенгені хабарланған еді. Салдарынан 11 адам қаза болды, 31-іне түрлі деңгейде медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда тоғыз адам ауруханада жатыр.

ҚР ІІМ мәліметінше, апатқа ұшырағандар арасында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке көңіл айту жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар