Қордайда жазылып шыққан 6 адам коронавирусты жаназа кезінде жұқтырған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – 22 сәуір күні Жамбыл облысында коронавирус инфекциясынан тағы жеті адам емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аурудан айыққан жетеудің бірі – 1992 жылы туған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Ол 19 наурыз күні Тараз қаласына келіп, 5 сәуірде кеуде тұсының ауыруына, мұрынның бітелуіне және көздің қызаруына қатысты шағыммен карантиндік стационарға жатқызылған. Одан COVID-19-ға алынған талдаулар сырқат екенін көрсеткен.

Қалған алты ем алушының барлығы 19 бен 62 жас аралығындағы тұрғындар. Үшеуі - ер, үшеуі әйел адам. Олар коронавирустық инфекцияны Қордай ауданында жерлеу рәсімі кезінде жұқтырған. Барлығы осы ауданның тұрғындары болып табылады. Бір науқас әйелден жұқтырып, 6 сәуірде ауруханаға жатқызылған.

Дерттен айыққан жеті тұрғын да екі апта бойы инфекциялық стационарда болып, емдеу шараларын ойдағыдай өткізген.

Алгоритмге сәйкес, олардан КВИ-ға алынған екі реттік зертханалық талдаулар теріс нәтиже көрсеткен. Алдағы екі апта бойы енді олар үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.

Жалпы аймақта коронавирустан 31 адам емделіп шықты.


Соңғы жаңалықтар