Қордайда той кортежіндегі көліктен аспанға оқ атқандар жазаланды
2022 жылғы 8 тамыз 23:46

Қордайда той кортежіндегі көліктен аспанға оқ атқандар жазаланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Қордай ауданында көлік терезесінен аспанға оқ атқандар және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

7 тамызда Қордай ауылының көшелерімен жүріп өткен той кортежіндегі автокөліктердің жүргізушілері бірқатар заң бұзушылықтар үшін полиция бөліміне жеткізілді.

Атап айтқанда, Lexus 570 автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігімен, мемлекеттік нөмірсіз жүргені үшін 590-баптың 2-бөлігімен және 590-баптың 10-бөлігімен («Алдыңғы терезесіне перде салу») әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осы автокөліктен қарумен жоғарыға оқ атқаны үшін 21 жасар ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК 436-бабының 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылып, тіркелген аңшы мылтығы тәркіленіп алынды.

Сондай-ақ, оқ атқан Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 436-бабының 1-бөлігімен және ҚР ӘҚБтК 484-бабының 1-бөлігімен («Қаруды сақтауға iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамдардың азаматтық қаруды тасымалдау ережесін бұзу») әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік нөмірсіз жүргені үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 2-бөлігімен, ҚР ӘҚБтК 230-бабының 2-бөлігімен («ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзуы»), ҚР ӘҚБтК 590-бабының 9-бөлігімен («Мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару») әкімшілік хаттама толтырылды. Аңшы мылтығы тәркіленді.

Сонымен қатар, жолдың қарсы бағытына шыққаны және дрифт жасағаны үшін Меrcedes-benz S55 автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 596-бабының 3-бөлігімен, ҚР ӘҚБтК 230-бабының 2-бөлігімен («ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу»), 630-бабының 1-бөлігімен («Жол жабындысын бүлдіру») әкімшілік хаттама толтырылды.

Істің барлық материалдары аудандық сотқа жолданады.

Полиция қызметкерлері осы той кортежіне қатысқан басқа да автокөлік иелерін анықтап, ұстау бойынша шаралар жүргізіп жатыр.


Фото: polisia.kz


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT