Қордайда Өтеген батырдың 320 жылдығы кең көлемде аталып өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Қордай ауданында аты аңызға айналған Өтеген батырдың 320 жылдығы Қордай ауданында аталып өтті,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында алдымен еліміздің бірқатар өңірінен келген қонақтар Батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан соң Өтеген батыр атындағы аудандық мәдениет үйінде тұлға тағылымына арналған жиын ұйымдастырылды. Жиынға келген көпшілік Өтеген батырдың Абылай ханнан алған шұбар тегенесін тамашалады. Бүгінде бұл тегене батырдың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекбатыровтың қолында сақтаулы екен. Батыр тағылымына арналған жиында белгілі жазушы Марал Ысқақбай сөз алып, Өтеген батыр өмірінен сыр толғады.

1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді деген жерде дүние есігін ашқан Өтегеннің жастайынан ғылым-білімге құмартып, Бұхара, Самарқан, Шам, Бағдат сияқты атақты руханият ордаларында болғаны туралы да кеңінен әңгімеленді. Сонымен қатар Түркістан, Ташкент маңындағы және Аңырақай даласындағы қиян-кескі шайқастарда да ерлік көрсеткені айтылды. Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, белгілі меценат Мүсілім Дайырбеков, Алматы облысы, Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев, Іле аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сөз алып, ерлігі елге аңыз боп жеткен Өтеген батырдың есімі ұлтымыз үшін әрдайым қастерлі екенін атап өтті. Өз кезегінде Өтеген батыр және оның ұрпақтары туралы жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді. Жиын барысында қордайлық өнерпаз Қарлығаш Қожағазина және Алматы облысы, Іле ауданының әжелер ансамблі әсем әннен шашу шашты.

Мерекелік шара бұдан әрі Өтеген батыр ауылында жалғасын тапты. Көпшілік батыр кесенесіне арнайы барып, бабалар рухына Құран бағыштады. Ауыл мешіті маңындағы алаңқайда күрес, 33 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылып, жеңімпаздар соңғы үлгідегі «темір тұлпарларға» ие болды.

Айта кетейік, Есімі елге мәлім, ұрпаққа ұран болған Өтеген батыр қазақ тарихындағы тегеурінді тұлғалардың бірі. Ұлы жырау Жамбыл Жабаев батыр туралы толғауында «Жолбарыстай қарулы, қырандайын қырағы, арыстандай айбарлы» деп жырлайды. Өтеген батыр жасынан ерлігімен көзге түсіп, ел қорғауда ерекше ержүректілігін танытқан тұлға. Батыр есімі ұрпаққа ұлағат ретінде Сүйінбай, Сарбас, Майкөт, Жамбыл сияқты алыптардың өлең-жырларына арқау болған. Тарихи деректер бойынша батыр 74 жасында Іле бойында өмірден өткен екен. Кейіннен батырдың ұрпақтары Қапшағай су қоймасының салынуына байланысты сүйегін 1973 жылы Қордай жеріне әкеліп, жер қойнына берген. Ал 1999 жылы батырдың үш ғасырлық тойы республикалық деңгейде аталып өтіп, басына кесене тұрғызылған. Аудан орталығы Қордай ауылына ескерткіші орнатылған. Бұдан бөлек, Алматы қаласының бір көшесіне және Іле ауданының орталығына да Өтеген батыр есімі берілген.

Соңғы жаңалықтар