Қордайда қыз алып қашқан төрт жігіт 7 жылға сотталды

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының прокуратурасы қыз ұрлығы үшін 15 жылға дейін жаза күтіп тұрғанын еске салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, таяуда Қордай аудандық сотының үкімімен Түркістан облысының төрт тұрғыны қыз ұрлағаны үшін 7 жылға сотталған болатын. Ал автокөлік қылмыс құралы ретінде тәркіленіп, мемлекет кірісіне алынды.

Оқиға 2018 жылдың күзінде жігіттің Жамбыл облысы Қордай ауданында тұратын қызбен танысуынан басталған. Әлеуметтік желідегі таныстықтан кейін жігіт қызды алып қашуды ойластыра бастайды.

«Ұзақ ойланбастан ол үйлену мақсатында өзінің үш танысымен келісіп, Қордай ауданына автокөлікпен келеді. Келген соң ұялы телефонға қоңырау шалып, қызға кездесуді ұсынады, бірақ ол бас тартқан. Жастар қыздың үй жағында күтіп, оны көшеде қарсы алады. Қыздың қарсылық көрсетіп, бас тартуына қарамастан, олар оны көлікке күштеп салып, Түркістан облысына жол тартады. Алайда полиция қызметкерлері оларды Тараз қаласының шыға берісінде ұстады» делінген хабарламада.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы қыз алып қашу сияқты ойланбай істеген іс-әрекет үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұрғанын еске салады. Бұл ретте ұрланған адамды өз еркімен босатқан адамның әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Соңғы жаңалықтар