Қордайда халыққа жұмыс тауып беретін орталық ашылды

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Қордай ауданында жұмыспен қамтуды көздейтін екі «Атамекен» қолдау орталығы ашылды. Жобаны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Атамекен» қолдау орталығының дәл осы ауданнан ашылуы тегін емес. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев орталықтың ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде айрықша айтып өтті.

«Қордай ауданында болған соңғы оқиғалардан кейін осы орталық халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетіп, жұмыссыздық пен кәсіпкерлік қызметке жұмылдыру мәселелерін айтарлықтай шешуге көмектесуі керек. «Атамекен» қолдау орталығының бірегейлігі – локациясында. Қордай ауданында жұмыспен қамтудың мобильді орталықтары – Мәдениет үйі және Қаракемер ауылында орналасқан. «Атамекен» қолдау орталығының міндеті – халыққа жақын болу, жұмыссыз адамдармен байланыс орнату әрі оларды жұмыспен қамту»,-деді Эльдар Жұмағазиев.

Ал Жамбыл облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауовтың айтуынша, орталықта бүгінгі таңда Қордай ауданында жүргізілген сауалнама негізінде бос жұмыс орындарының базасы қалыптасқан. Жұмыссыздардың өтініші бойынша кеңесшілер база арқылы оларға жұмыс ұсынады.

«Атамекен» қолдау орталығы жұмыспен қамтудың мобильді орталығын ашпас бұрын Қордай ауданында сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, жергілікті компанияларға сатушы, бақташы, жүргізуші, сату жөніндегі менеджер, тігіншілер, тракторист-механизаторлар, жұмысшылар, сауыншылар, жанармай құю стансаларының операторлары қажеттігі анықталды. Олардың орташа айлық еңбекақысы - 42 000-90 000 теңге аралығында», – деді Олжас Қаржауов.

Жобаның тағы бір ерекшелігі - жұмыс істеу форматында. Әр орталықта 3 менеджер және 1 жеке қабілетті дамыту кеңесшісі қызмет көрсетеді. Жеке қабілетті дамыту кеңесшісі анағұрлым лайықты мамандықты анықтау мақсатында тестілеу өткізеді, қандай дағдыларды дамыту қажеттігін айтады.

Осы ретте «Атамекен» қолдау орталығы командасы адамдарды қабылдап қана қоймай, сондай-ақ тұрақты түрде халыққа жақын болып, ауылдарды аралап, үй-үйге барып, тұрғындарға жұмыспен қамту шаралары туралы ақпарат береді.



Соңғы жаңалықтар