Қордайда 4 балабақша пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесіне орай Жамбыл облысында 7 медицналық нысан, 100 орындық 4 балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы орайда облыс көлемінде халық денсаулығының сапасын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынып,  жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін жекеменшік секторды жұмылдыра отырып, қаржыландыру  мен басқарудың жаңа әдістері қолданылуда. Медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша инновациялық әдіс-тәсілдері енгізіліп, жаңа ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілді. Айталық, мерекеге орай ашылған 7  медициналық нысанның 2-еуі мемлекеттік, 5-еуі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген.   Олар Байзақ ауданындағы, Көкөзек,  Жуалы ауданындағы Ертай, Қошқарата,  Қордай ауданындағы Жаңатұрмыс, Т.Рысқұлов ауданындағы Мамай-қайыңды, Шу ауданындағы Көкқайнар, Бәйдібек ауылдарында орналасқан.

Бұл ашылған медициналық мекемелер арқылы ауылдық  жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі  84 пайызға қамтылады. Жалпы бұған дейін облыста 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет болатын.

Бұл бюджеттік инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылғанда, оған жалпы  6 567,6 миллион теңге және 7 жыл уақыт керек болатын. Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу арқылы мерзімін 3 жылға, жұмсалатын қаржы көлемі 2 376 миллион теңгеге қысқартылды. Нақтырақ айтқанда 4 жыл уақыт және 4 192 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Яғни, 95 нысанның 29-ы биыл ашылып үлгерілді. Осы секілді 2019 жылы 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, мерекеге орай  облыстың Қордай ауданында 100 орындық  4 балабақша пайдалануға берілді.  «Айару», «Айсұлтан», «Сенім Қордай», «Нұрсила» жекеменшік балабақшалары қазіргі таңда бүлдіршіндерді қабылдауға дайын. Бұл облыстағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесін 98 пайызға жуықтатты. Ал, келер жылы тағы 29 балабақша ашу арқылы, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. 

Айта кету керек, бұл күндері Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау ауылының сумен қамтамасыз ету нысаны іске қосылса,  Пригородное және Қордай ауданындағы Ауқатты ауылының сумен қамтасыз ету жүйесі қайта жаңғыртылды. Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, Шу ауданындағы Төле би ауылының кәріз жүйесін қайта жаңғырту шаралары аяқталды. 


Авторы: Ғибрат СЕМБАЙ

Соңғы жаңалықтар