Қордайда 20-ға жуық жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат –Қордай ауданында қар құрсауында қалған 20-ға жуық жүк көлігі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының полиция департаменті 2021 жылғы 16 қаңтарда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының Қордай асуын айналып өтетін учаскесінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты (боран, көрінбеу) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілгендігін ескертті.

Бұл ретте көлік құралдарының қозғалысы Қордай елді мекені мен Қордай ескі асуы арқылы қайта бағытталған. Жолдың осы учаскесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының күшімен қар құрсауынан 17 жүк техникасы шығарылды.

Қазіргі уақытта жолды қар үйінділерінен тазартуға 15 арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде 11 құрама жол техникасы, 2 автогрейдер және 2 тиегіш бар. Тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін қозғалыс толығымен қалпына келтіріледі.


Соңғы жаңалықтар