«Қордай» өткізу пункті кеңейтіліп, қайта жаңартылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қордай» өткізу пунктін кеңейту және қайта құру жұмыстарының нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір жыл ішінде көптеген жұмыс ат атқарылған. Тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол», ал бас мердігер – «ДорСтрой» ЖШС. Құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын қайта құру жұмыстарының басты артықшылығы ретінде «Рапискан» жеке инспекциялық кешендерінің пайда болуын айтуға болады. Оны жоғары технологиялық сканерлер деп те атауға болады. Саны – 9. Олардың біреуі ірі көлік құралдарын сканерлеуге арналса, қалған шағын сегізі жеке адамдар үшін. Құрылғылар шекарадан жаяу өтушілер үшін галереямен байланысқан А және В екі блокта орналасқан. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы санитарлық қондырғылар жабдықталып, аумағы абаттандырылған.

«Тексеру кешендерінің жеткілікті болуы пункт жұмысы кезінде аса маңызды болып табылады», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, кірме жолдар екі бағыт бойынша сегіз жолақ болып етіп кеңейтілді. Маусым ішінде «Қордай» пункті арқылы 35 мыңға дейін адам өтеді.

Осындағы қызметкерлер жүйенің мұндай ағымына дайын екендігіне сенімді.

«Жұмыстың барлық бағыттарында халықаралық стандарттарға ұмтылу қажет. Мен инвестор тартып, автотұрақтың орнына заманауи логистикалық орталық салуды ұсынамын. Жертөле қабатында автотұрақ, бірінші қабатта күту залы, екіншісінде кафе, валюта айырбастау пункттері, кәдесый дүкендері және тағы басқаларын орналастыруға болады», - деген пікір білдірді Б.Атамқұлов.

Бердібек Сапарбаев та ұсынысты қолдады. Жұмыстар осы бағытта жүргізілмек.

Жаңартылған өткізу пунктімен танысу барысында Меркі-Шу-Бурылбайтал автомобиль жолының құрылысы туралы есептер тыңдалды. Қытайлық «China Xinxing Cjrporation Group» компаниясы өкілінің айтуынша, олар келер жылы жолдың 95 шақырымдық бөлігін аяқтамақ. Жұмыстың қарқынын арттыру үшін жолшылар тағы бір асфальт-бетон зауытын іске қоспақ.

Бейбіт Атамқұлов 11 көпір мен жол өткелінің құрылысына ерекше назар аударуға шақырды.

Тағы бір мердігер «АБК-Автодор НС» ЖШС де бағыттың 167 шақырымын құрайтын құрылыс және жол жұмыстарының барысы туралы хабарлады.

Облыс әкімі компанияларға жергілікті тұрғындарға, ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде көмек көрсетуді ұсынды. Сондай-ақ, аталған жол толықтай жарықтандырылып, малға арналған өткелдердің қажетті санымен қамтылу қажеттілігіне көңіл бөлгізді.


Соңғы жаңалықтар