Қордай оқиғасына қатысты қандай қылмыстық істер қозғалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қордай ауданындағы оқиға байланысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық істерді тергеуге тоқталсақ, қазіргі уақытта Жамбыл облысы Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері 25-тен астам қылмыстық іс қозғады. Осы тұрғыда жаппай тәртіпсіздік, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру мен оған қатысу бабы қамтылған. Содан кейін жаппай тәртіпсіздікке қатысуға үндеу жасау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алтыдан астам іс бұзақылық фактілеріне қатысты қозғалды. Үш қылмыстық іс бөтеннің мүлкін зақымдау бойынша, 10 іс кісі өлтіру фактісіне, сондай-ақ екі іс адам өлтіруге оқталуға қатысты қозғалды», - деді Әділов Үкімет үйінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Бас прокуратурасының, Ішкі істер министрлігінің және басқа да құқық қорғау органдарының ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік, адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Аталған істер бойынша қазіргі уақытта қамауға алынған адамдар бар.

«Занама талаптарына сәйкес, осы кезеңде алдын ала тергеу мәліметтерін жария етуге болмайды. Кезек күттірмейтін тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді Санжар Әділов.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.



Соңғы жаңалықтар