Кордай ауданындағы тәртіпсіздіктер кезінде қираған тұрғын үйлер қалпына келтірілуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қордай ауданына жасаған жұмыс сапарының екінші күні ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, бұған дейін Қордай ауданының бюджеті шамамен 28 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін артқан. Осы орайда мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруға қосымша 20 млрд. теңге бағытталса, тағы төрт миллиард теңгені 7 елді мекенді газдандыруға жұмсау жоспарлануда.

Бүгінде ақпан айында ауданда орын алған оқиғалар кезінде бұзылған тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде жұмысын бастаған мердігер ұйымдар баршылық. Алайда, кәсіпкерлер Хусейн Сүлеймен, Абдурашид Багиев және Исмар Лутур сияқты кейбір тұрғындар үйлер мен дүкендерді өз бетімен қалпына келтіруді ұйғарған. Осылайша, олар мемлекеттен қарастырылған қаражатты басқа мақсаттарға жұмсау үшін шығындарды оңтайландыруға ықпал етуде.

Облыс әкімімен әңгіме барысында олар көрсетілген көмек пен қолдаулар үшін ел Президенті мен жергілікті билікке алғыстарын білдірді. Мемлекеттік қолдаумен қатар, жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созуға дайын, қайырымдылық қоры да жұмыс істеуде.

Масаншының дәл ортасындағы жаңа мектеп құрылысы өтпелі нысан болып табылады десек, биыл ол бойынша 550 миллион теңге игерілмек. Осында өткен жергілікті тұрғындармен кездесуде ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдар Двумаров сөз алды.

- Біз бұған дейін ауылда мұндай ауқымды жұмыс атқарылғанын көрген емеспіз. Ауыл көз алдымызда өзгеріп келеді. 41 көше жөнделуде, жаңа мектеп, спорт алаңы салынуда. Бұл біз үшін тамаша тарту. Қазіргі таңда Шу ауданында 300-ден астам отбасымыз жеміс-жидек пен көкөніс егумен айналысуда. Осындай қамқорлығы үшін мемлекетке айтап алғысымыз мол, - деді ардагер.

Өз кезегінде аймақ басшысы дүнген диаспорасына су тасқыны салдарынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына қол ұшын созып, көрсеткен игі істері үшін алғысын жеткізді. Жыл соңына дейін Масаншы мен көршілес алты елді мекенге газ тартылмақ. Басқа мәселелер де кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ең бастысы, Қордай жерінде бейбітшілік пен тыныштық орнауы керек.

Сондай-ақ, ауылда шағын-футбол алаңшасы, көше тренажерлары мен балалар алаңынан тұратын көпфункционалды спорт алаңы салынуда. Масаншы ауылдық округіне Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 шағын ауылдары да кіреді. Күнбатыс-1е елді мекенінде бар-жоғы 200-ден астам адам тұрады. Өңір басшысы ондағы құны 26 миллион теңгені құрайтын медицуиналық пунктің құрылысымен танысты.

Қаракемер ауылында спорт алаңы мен дәрігерлік амбулатория, ауыз су тарту жобасы жүзеге асырылуда . Мұнда 11 көшеге асфальт төсеу, алты көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қонаев көшесінің бойында кезекке тұрғандарға арналып Қонаев көшесінен екіпәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал, Ауқатты ауылдық округінде 19 көшенің және №9 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Сонымен қатар аудан 7,4 шақырым болатын «Ауқатты-Бәйтерек» автожолы құрылысы салынуда.

«Бүгінгі таңда бүкіл ел Қордай ауданына, бұзылған құрылымдарды қалпына жедел келтіру және ең бастысы ішкі жағдайдың тұрақтанғандығына ден қойып отыр. Қазір біз барлық қиындықтарды еңсердік, мұндағы тіршілік өз қалыбына түсті деп сеніммен айта аламыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан активімен болған кездесуде.


Соңғы жаңалықтар