Қордай ауданында көпбалалы екі отбасы баспаналы болды

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Қордай ауданында қайырымды жандардың демеушілігІмен екі көпбалалы отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордай ауданына қарасты Ноғайбай ауылдық округінде тұратын көпбалалы Ысқақовтар отбасына жуырда белгілі кәсіпкер төрт бөлмелі үй сатып әперсе, Кенен ауылында тұратын жалғызбасты анаға да көпшілік көптеп-көмектеп баспана кілтін табыс етті.

Осы күнге дейін пәтер жалдап келген Ысқақовтар отбасы арманының ақиқатқа айналғанына дән риза. Алты бала тәрбиелеп отырған отағасы жеке шаруа қожалықта жалдамалы жұмысшы болса, аналары бала күтімімен үйде. Көпбалалы, оған қоса бір мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана үшін бұл - үлкен көмек.

Сондай-ақ, осыдан үш жыл бұрын асыраушысынан айырылып, бес баламен жалғыз қалған Кенен ауылының тұрғыны Гүлнәр Досмұхамбетова да жамағаттың көмегімен үйлі болды. Баспана тауқыметін тартып келген көпбалалы анаға кенендік жастардың құрған қайырымдылық қоры, жергілікті мешіт жамағаты, жалпы қол ұшын созуға ниеттенген тұрғындар қаражат жинап, үш бөлмелі баспана алып берді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында жомарттық танытып, өзгеге баспана сыйлау шарапатты дәстүрге айналып келеді. Оған соңғы уақытта көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға демеушілер тарапынан сыйланған үйлердің көбейгені дәлел болып отыр»,- дейді аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов.

Соңғы жаңалықтар