Қордағы зейнетақы активтері сәуірде 12 трлн теңгені құраған
2022 жылғы 12 мамыр 10:57

Қордағы зейнетақы активтері сәуірде 12 трлн теңгені құраған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сәуір айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанның зейнетақы активтерінің жылдың кірістілігі 8 пайыз болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері сәуірде 12,9 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық кіріс шамамен 136,5 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 524 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 89,6 млрд теңге болды. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 8%-ды құрады. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт өлшемінде қарастырған жөн. Мәселен, соңғы 3 және 5 жылда инфляцияның, тиісінше, 8,96% және 7,64% мәнінде зейнетақы активтерінің кірістілігі 9,25% және 9,44%-ды құрады», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Ұлттық банк нарықтағы жағдайды үнемі қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отыр.

«Ұлттық баға және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауды жалғастырады», - деді Ұлттық банк басшысы.

Бұған дейін Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру шараларын жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын.


Jańalyqtar

MURAǴAT