Қора салу үшін 33 қарағай кесіп алған адам жауапкершілікке тартылды
2020 жылғы 14 қыркүйек 21:18

Қора салу үшін 33 қарағай кесіп алған адам жауапкершілікке тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны қора салу үшін орманнан 33 қарағайды кесіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 11 қыркүйекте Беген орманында жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы инспекторлары 33 қарағайдың заңсыз кесілгенін анықтады. Осының салдарынан орман қорына 70 мың теңгеден астам шығын келтірілген.

«Тәртіп сақшылары оқиға орнын тексеру барысында ағаштарды кескен Бесқарағай ауданының тұрғынын ұстады. Ол кінәсін мойындап, кесілген ағашпен қора салуды жоспарлап отырғандығын айтты», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.

Аталған факт бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сот қарауына жіберілді.

Осы ретте, облыстық Полиция департаменті тұрғындарға орман аумағынан ағаш жинау үшін «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан тиісті рұқсат алу керектігін еске салады.


Jańalyqtar

MURAǴAT