Көптен күткен өзгеріс: Семей тұрғындары жаңадан құрылатын Абай облысы жайлы не дейді

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Кешелі бері Семей халқының айтып жүргені біреу. Ол – Абай облысының құрылатыны. Мемлекет басшысының бұл бастамасына тұрғындардың пікірі қандай? Осыны білу үшін ҚазАқпарат тілшісі семейліктермен әңгімелесіп көрген еді.

Ядролық медицина және онкология орталығында дәрігер болып жұмыс істейтін Әйгерім Қайырханованың айтуынша, Абай облысының құрылуы - Семей қаласының болашағы үшін жасалған маңызды қадам.


«Президенттің ел Шығысында жаңа облыс ашып, Семей оның орталығы болатынын айтқанын естігенде қатты қуандым. Енді өшкеніміз жанып, жоғалтқанымызды тауып, халықтың жағдайы жақсара түседі деген үміттемін. Жолдарымыз жөнделіп, жаңа өндіріс орындары ашылып, азаматтар жұмыспен қамтылса нұр үстіне нұр» - деді ол.

Ал Шәкәрім атындағы университет студенті Ақкербез Ораштың айтуынша, жаңа облыстың құрылуы бірінші кезекте жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды.

«Президенттің бұл Жолдауы еліміздегі үлкен өзгерістерге жол бастайды деп сенемін. Қазақстанда 3 бірдей жаңа облыс құрылмақ. Абай, Ұлытау, Жетісу өңірлерінің ашылатыны жергілікті тұрғындар үшін өте жағымды жаңалық болды. Алаштың астанасы – Семей қаласы орталығы болатын хәкім Абайдың есіміне берілетін облыстың тұрғыны, шежірелі Шығыстың тумасы ретінде өте қуаныштымын. Облыс мәртебесі қалың жұртшылықтың көкейінде жүрген арман еді», - деді Ақкербез.


Оның сөзінше, енді осы күнге дейін елдің рухани астанасы саналған қаланың көркіне жаңа өң кірмек.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа жасаған әр үндеуінде жастарға басымдық беру керектігін атап өтеді. Енді жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер пайда болатынына рас. Облыс аумағында мемлекеттік бағдарламалар саны артып, жастардың тарапынан креативті көптеген жобалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ тұрғын үй, жол, жарық мәселелері өз шешімін табады деген ойдамыз. Қаланың инфрақұрылымы мен экономикалық жағдайы да өзгеретіні сөзсіз», - деді қала тұрғыны.

Өз сөзінде ол тарихы тереңде жатқан аймақты басқаруға білімді де білікті басшы тағайындалады деген сенім білдірді.

«Семейлік жерлестеріме айтарым, туған жеріміздің көркеюіне барлығымыз бірге үлес қосайық. Еліміздің береке-бірлікте болуы, дами түсуі біздің қолымызда. Егеменді мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мәңгі болсын!», - деді А.Ораш.

Семейлік журналист Лейла Слямбекова жаңа облыс құрылатынын алғаш құлағы шалғанда қандай әсерде болғанын айтып берді.

«Бұл жаңалықты естігенде қуанышым қойныма сыймады. Себебі Семей қаласында түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелер аз емес. Оның бірі – халықтың жұмыссыздығы. Шынын айтқанда, осының салдарынан көптеген тұрғындар басқа қалаларда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Енді олар туған жеріне қайта оралады», - деді ол.


Лейланың айтуынша, Семейде жастар көп. Оларға тиісті жағдай жасалып, жаңа жұмыс орындары ашылса құба-құп.

«Жастар дамыса, келешекте шаһардың өркендейтіндігі анық. Себебі болашақ – жалындаған жастардың қолында. Қорыта айтқанда, Абай облысының құрылатыны бізге сол болашаққа деген үлкен үміт сыйлады», - деді Л. Слямбекова.

Өрт сөндіруші Мейір Әшімханның сөзінше, жаңа облысқа Абай атының берілуі өте дұрыс шешім болды.

«Былтыр 175 жылдығы кең көлемде атап өтілген Абай Құнанбайұлы қазақтың ұлы перзенті. Оның есімі облысқа берілуін қос қолдап қолдаймын. Осы өзгерістер Семей қаласын дамытады деген сенімдеміз. Көшелер абаттандырылып, жолдар жөнделіп, қала іргесіндегі елді мекендерге жарықтар тартылса деген тілегіміз бар», - деді семейлік.

Ал есепші Әдемі Ақашова Мемлекет басшысының Семейді жеке облыс қылып шығаруы қала халқының көптен күткен тілегін орындағанын тілге тиек етті.


«Қаламызда зауыттар, кәсіпорындар салынып, жұмыссыздық мәселесі шешімін табуы тиіс. Егер жаңа мүмкіндіктер пайда болса жастар ешқайда кетпей, осында қалады. Сондай-ақ менің ойымша, осы көне шаһардың тарихы жайлы сыр шертетін нысандар да ашылуы тиіс», - деді қала тұрғыны.

Әдемінің айтуынша, семейліктер алдағы уақытта басқа да жақсы жаңалықтар күтеді.


Соңғы жаңалықтар