Көптен күткен «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жолын жаңғырту жұмыстары мамырда басталады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Меркі-Шу-Бурылбайтал бағытындағы республикалық маңыздағы жол қайта жаңғыртылады. Көптен бері өзекті мәселеге айналып келген жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, алғашқы кезеңде 266 шақырым жолдың 25 пайызы төселеді. Ал толығымен 4 жыл ішінде аяқтау жоспарлануда екен. Қазір жол түсетін аумақтағы жер телімдері мемлекетке қайтарылып жатыр.

«Бұл жоба техникалық экономикалық негіздемеге сәйкес 101 миллиард теңгені құрап отыр, оның Меркіден Шуға дейінгі аралығы 1-санаттағы жол болады. Әрі қарай Шу қаласын айналмалы жолы одан Бірлік, Бірліктен Бурылбайтал жолына дейін 2-санаттағы жолға жататын болады»-дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Айта кетейік, жалпы биыл облыста 430 шақырымнан астам жол жөнделеді. Әсіресе, облыстық және аудандық маңыздағы ауыларалық жолдарға мән берілмек. Елді мекендердегі көшелер мен автожолдарды жаңғырту, күрделі және орта жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 11 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар