Көптеген компаниялар ғылымға қаржы салуды бос әурешілік деп санайды - Н.Назарбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Инвестициялар және даму министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан инновациялық форум барысында Мемлекет басшысы бизнестің инновациялық дамуға қаржы салуға әлі де құлықсыз екендігін жеткізді.

«Өндірісті қаржыландыру жүріп жатыр, алайда бұл мәселеде халық арасында сауаттылық жетіспей жататыны өкінішті. Кәсіпорын дамып келе жатады да, тығырыққа тіреледі. Сөйтіп, бәсекелестікті, нарықты жоғалтады. Осы кезде ғылым іске қосылып, серпін беруі қажет. Біздің компаниялардың көбі ғылымға қаржы салу бос әурешілік деп санайды. Кәсіпорындар да әзірге инновацияға бейімделе алмай отыр», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы инновациялық дамуда сұраныс мемлекет тарапынан емес, негізінен бизнес тарапынан болу керектігін ескертті.

«Мемлекет дамуға жан жақты серпін беріп жатыр. Алайда, инновациялық дамуда сұраныс мемлекет тарапынан емес негізінен бизнес тарапынан болу керек. Іс жүзінде қалай жұмыс жасауды «Қазақмыс» корпорациясы көрсетті. Біз сияқты шикізат өндіруші ел үшін шикізат кешенін өңдеу үлкен мәнге ие. Бұл технологияларда ең алдымен жеке кәсіпорындар мүдделі болуы керек», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы кәсіпкерліктің инновациялық әлеуетін екшеуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ден қоюы керектігін де атап өтті.

«Менің ойымша, ШОБ пен ірі кәсіпкерлерге жеке кәсіпкерлерге, инновациялық бағытқа ден қоятын уақыт келді. Мемлекет олардың жемісті жұмыс жасауына жағдай жасап келеді. Әсіресе, биология, медицина салалары түрлі ғылыми жетістіктерді талап етеді», - деп қорытындылады Н.Ә.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар