Көпшілікке «Түркі әлемінің тарихи-мәдени атласы» таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» халықаралық конференциясында Халықаралық Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» жинағын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атлас ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен шыққан және әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.

«Түркі әлемі бірегей өркениет болып саналады, оның мыңжылдық тарихы тұтас Еуразия құрлығын қамтып, Орталық Еуразияның орасан зор кеңістігінде өтті. Орталық Еуразияның далалық аймағы жылқыны қолға үйрету, металлургияның пайда болуы сынды көптеген жетістіктердің отаны болды, оларсыз жалпыадамзаттық өркениеттің тарихын елестету мүмкін емес. Дәл осы жерден тектоникалық ауқымдағы саяси оқиғалар басталды, олар әлем тарихының өрбуіне тікелей ықпал етті. Түркі халықтары ғасырлар бойы құрған ұлы мемлекеттер Еуразияның саяси картасын белгіледі. Олар – Ғұндар державасы, Түркі қағанаты, Селжұқтар және Алтын орда, қазіргі түркі мемлекеттерінің – Ресей, Қытай, Үндістан, Батыс Еуропа елдерінің тарихы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған моғолдар мен мәмлүктер империясы», - делінген ҚР Ұлттық кітапханасында жинақ тұсаукесерінде көрсетілген бейнероликте.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, аталған жинақ Тәуелсізлігіміздің 30 жылдығына арналып отыр.

«Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы шыққаны белгілі, сонымен тұстас келуінің де мәні зор деп есептейміз. Себебі, мақалада Президент бізге бұл жерді ешкім сыйға тартқан жоқ деп айтты. Бүгінгі атлас - оның жарқын айғағы. Себебі атласта 200-ден астам карта мен тарихи құжаттар бар және осы географиялық аумақтағы тарихи-мәдени жетістіктерді паш етеді. Жалпы атлас Елбасының алғысөзімен шықты және Елбасының Түркі кеңесі саммитінде берген тапсырмасы негізінде жарық көрді», - деді Дархан Қыдырәлі ҚР Ұлттық кітапханасында тілшілерге берген сұхбатында.

Еңбекті Түркі академиясы әзірлеп шықты, бірақ онда көптеген тарихи деректер пайдаланылған.

«Бұған дейін шыққан Тартария, Тұран секілді атластар және Түркі академиясының соңғы жылдардағы археологиялық қазба жұмыстарындағы артефактілер пайдаланылды. Бұл өз саласында шығып отырған бірегей алғашқы еңбек. Мүмкіндігінше бұл атластың электронды нұсқасын да шығаруға тырысамыз және Түркі академиясы сайты арқылы таралып, басқа тілдерге аудару жоспарланған. Қазір тиражы мың данамен шықты, бірақ сұраныс одан да көп болады деп ойлаймыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен бірге, халықаралық конференцияда ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов оқырманға жол тартқан басылымды жоғары бағалап, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың бағдарламалық мақаласындағы орамды ойлардың тарихы ортақ бауырлас елдер үшін маңызды екенін айтты.

Ал Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынжы қазіргі Сібір, Моңғолия жерлерінен Қара теңіз бен Жерорта теңізіне дейінгі алып аумақты қоныстаған түркі халықтарының мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан бірегей мәдениетіне тоқталды.

«Бүгінде жеті түркі мемлекетінің байрағы асқақ рухпен желбіреп тұр. Енді оларды ешкім құлата алмайды», - деді бейнебайланыс арқылы баяндама жасаған Х. Акынжы.

Өз кезегінде Әзербайжанның алғашқы Премьер-Министрі Гасан Гасанов жиын қатысушыларын алғашқы тарихи-мәдени атластың жарық көруімен құттықтап, Халықаралық Түркі академиясына ризашылығын білдірді.

«Түркі халықтарының күш-қуаты – ынтымақта. Біздің тереңнен тартқан ортақ тарихи тамырымыз бүгінгі ынтымағымызды берік сақтау қажеттігін көрсетеді», - деді Г. Гасанов.

Одан бөлек, алқалы жиынға Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская және өзге де түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысуда.


Соңғы жаңалықтар