Көпшілік бишілеріміздің естімейтініне сенбеді - әлем чемпионатында гран-при алған ұжым жетекшісі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың «Sensitive» бал биі ұжымы АҚШ-тың Калифорния штатында өткен әлем чемпионатына қатысып, гран-приді жеңіп алды. Өнерпаздарды бүгін көпшілік салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Анахайм қаласында 22-31 шілде аралығында орындаушылық өнер түрлерінің 25-ші мерейтойлық әлем чемпионаты өтті. Байқауға 72 елден 3 мыңнан аса конкурсант қатысты. Еліміздің намысын петропавлдық «Sensitive» бал биі театрының жастары қорғады. Бишілер өздеріне артылған сенімді ақтап, бас жүлдені жеңіп алды. Бүгін Петропавл теміржол вокзалында өнерпаздарды олардың ата-аналары мен бауырлары, ұстаздары, достары салтанатпен қарсы алды.

«Біз осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқауға қатысу арқылы зор жауапкершілікті сезіндік, өйткені еліміздің атынан өнер көрсеттік. Қобалжыдық. Мұндай байқауға алғаш қатысып отырмыз. АҚШ-қа, Лос-Анджелеске жеткен бірінші күні-ақ тіркеу болды. 72 елден өнерпаздар жиналды. Командалар өте көп болды, олардың арасында бишілер де, әншілер де бар. Уайымдадық, күніне екі рет жаттығып отырдық», - дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ольга Роставщикова.

Әлем чемпионатының форматы бойынша әр командаға бірінші кезеңде өзін көрсетуге бір минут қана берілген.

«Біз үш нөмір дайындаған едік. Олар: еуропалық би - танго, латын-америкалық би – самбо және өз тарихымызда алғаш рет, еліміздің атынан өнер көрсеткеннен кейін ұлттық би дайындадық. Ең қиыны, 60 секундтың ішінде қазылар алқасын баурап алуымыз керек болды. Келесі кезеңге өткенде қуанышымызда шек болған жоқ. Бір таң қаларлығы, басқа елдің қатысушылары келіп, бізді құттықтап, бізбен бірге қуанып жатты. Ол жердергі көңіл күйді айтып жеткізуге болмайды, бәріміз бір-бірімізге бәсекелес болғанымызбен, мықты қолдауды сезіндік.

Бірінші күні 6 адам қазылық жасаса, екінші күні 12 адам бағалады. Ал, ақтық ойындарда танымал өнер жұлдыздары – 8 адам қазылық етті. Біздің деңгейімізді жоғары бағалады. Көпшілік бишілеріміздің мүмкіндігі шектеулі, яғни естімейтініне сенбеді», - дейді Ольга Роставщикова.

Ақтық кезеңге 30 елдің өнерпаздары ғана өтті. Жерлестеріміз АҚШ, Ирландия, Франция, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Канада және Германия елдерінің өкілдерімен бақ сынасты.

«Олардың құрамында 15-20 адамнан өнер көрсетті. Бірақ, бұл жолы да санға емес, сапаға мән беру керектігіне көзіміз жетті. Жалпы, осы жобаға қатысуға мүмкіндік берген облыс басшылығына алғыс білдіреміз. Бізге қолдау көрсеткен демеушілерімізге рахмет айтамыз», - дейді «Sensitive» бал биі ұжымының көркемдік жетекшісі Ольга Роставщикова.



Соңғы жаңалықтар