Көппен бірге коньки тепкен адамдарға коронавирустың жұғу ықтималдығы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмыс орнындағы азаматтардың бірінен коронавирус анықталған жағдайда не істеу керек? Көппен бірге коньки тепкен адамдарға коронавирустың жұғу ықтималдығы қандай? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бұл сұрақтарға ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырған азамат анықталған кезде, диагноз қойылса немесе күдік туса медицина қызметкері бұл жайлы санитарлық эпидемиологиялық қызметтің аумақтық бөлімшесіне хабарлайды. Эпидемиолог топтағы істі тергеуге барады, байланыстар тізімін анықтайды, кімнің ПТР-тесттен өтуі керектігін айқындайды. Егер бұл үлкен ұйым болса, онда барлығын тексеріп қараудың қажеті жоқ. Эпидемиолог нақты жағдайда, тығыз байланыс санатына жататын адамдардың тізімін анықтайды», - деді Роза Қожапова.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлия Өмірзақованың айтуынша осы тізім қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жолданады.

«Осыдан кейін біз осы пациенттерді тұрғылықты жері бойынша тіркелген ұйымға тізімді жолдаймыз. Сол күні мобильді топтар іске кіріседі. Егер науқас ауырғанымен бойынан ауру белгілері анықталмаса, біз оны симптомсыз пациент ретінде тіркейміз. Оның туыстарын да бақылаймыз. Егер ауру белгілері анықталса, тәулік бойғы ауруханаларға жатқызу мәселесі шешіледі. Тегін дәрі-дәрмектер де тағайындалады», - деді Әлия Өмірзақова.

Баспасөз мәслихатында Роза Қожапова көппен бірге коньки тепкен адамдарға коронавирустың жұғу ықтималдығы қандай екенін айтып берді.

«Қалай болғанда да, адамдар көп жерде, ашық аспан астында серуендеуге шыққанда, маска режимін сақтауы керек. Бірақ егер мұз айдынында бір адам коньки тепсе, онда ешқандай қауіп жоқ. Егер адамдар көп болса, онда барлық талаптарды сақтауы керек», - деді Роза Қожапова брифингте.


Соңғы жаңалықтар