Көпқабатты үйлерде отбасылық амбулаториялар болуы керек - Ғабидолла Әбдірахымов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерде отбасылық амбулаториялар болуы керек. Мұндай тапсырманы қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Президент Жолдауын талқылауға арналған қала активінің жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовқа отбасылық амбулаторияларды ұйымдастыру мәселесін қарауды тапсырды.

«Жаңа көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында отбасылық амбулаториялар болуы керек. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Бұл өте ыңғайлы: баланың тамағы ауырып қалды, бірінші қабатқа түсті. Ал ауруханалар мен емханаларға ауыр себептермен бару керек. Сонда ол жақта да кезек күтпейтін болады»,-деді Ғабидолла Әбдірахымов.
null 

Жиында басқарма басшысы 2019 жылы барлық қалалық медициналық мекемелер сандық форматқа көшірілетінін атап өтті. Оның сөзінше, бір учаскелік дәрігердің халықты қамту деңгейін 2080 адамнан 1700 жылға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Жиында сондай-ақ қала әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов сөз сөйлеп, электронды форматта қызмет көрсету қажеттілігі туралы айтты. Бұл ретте қала әкімі қарамағындағыларға сандық процесті жеделдетуді және осы бағытта жақында құрылған «Shymkent» ӘКК-мен тығыз қарым-қатынас жасауды тапсырды.

Басқосуда бұдан бөлек Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев алдағы уақытта жүзеге асыратын ауқымды жобаларын таныстырды. Жоспар бойынша келесі жылы қала орталығындағы Қонаев даңғылының құрылысы мен А-2 айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары басталады. 20 миллиардтан астам теңгеге 350 көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып қойған. Кездесу барысында барлық басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын кеңінен насихаттау тапсырылды.

Жиынды қорытындылаған Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының Жолдауындағы мемлекеттік органдарға формализм мен бюрократияны азайту туралы тармағын ерекше атап өтті.

«Жиналысты азайтып, атқаратын жұмысты көбейту керек! Мәселелерді телефон арқылы шешіңіздер. Бұл қандай да бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықты болдырмайды: егер ол мемлекеттік қызметшімен тікелей кездесуге келсе бір нәрсе жасырады немесе бір нәрсе ұсынғысы келеді»,- деді қала басшысы.

Соңғы жаңалықтар