Көпірден секіріп мерт болған қыз үйінен жанжалдасып шыққан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық полициясы көпірден секіріп мерт болған қыз туралы қосымша мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы «Алматы Арена» маңында кешкісін сағат 22-00-дер кезінде болды.

Қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, 22 жастағы қыз 11 жылдан бері Алматы қалалық жүйке аурулары диспансерінде есепте болған.

«Қыз шизофрения дертіне шалдыққан. Әпкесінің айтуынша, олар үйінде жанжалдасып қалған. Содан қыз үйінен кетіп қалған. Арты мына қайғылы жағдайға әкеліп отыр. Алдын ала нұсқа бойынша ол өз-өзіне қол салған», - деді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қызды қағып тоқтаған көлік жүргізушісінің әрекеті марқұмның өлімі неден болғаны анықталған соң ғана тексеруге алынады.

«Қыздың өлімі көлік соққан соң болса, жүргізуші жазаланады. Ал, марқұм жерге құлағаннан мерт болғаны анықталса, онда жүргізуші босатылады. Үстінен адам құлап жатса, ол не істей алады?», - деді С.Әзірбек.

Қайғылы оқиға кеше болған еді. 1995 жылы туған қыз бала жаяу жүргіншілерге арналған көпірден «Хюндай» маркалы көлігі кетіп бара жатқан жолға қарай секіріп кеткен. Қыз көліктің дәл алдына құлаған болуы керек. Өйткені көлікте қызды соққандығын айғақтайтын із қалмаған.

Марқұм болған қыздың денесін криминалистер тексеріп жатыр. Күрделі істің шешімін полиция қызметкерлері тергеу жұмыстары барысында шешеді.

Соңғы жаңалықтар