Көпірден секірген әйелді құтқарған әскери қызметшіні БҚО әкімі қабылдады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев көпірден секірген әйелді құтқарған ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлім қызметкері, аға сержант Асқар Нұрғалиевті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы А.Нұрғалиевтің ерлік жасағанын атап көрсетіп, алғысхат пен бағалы сыйлық табыс етті.

«Сіз өз өміріңізге қауіп төніп тұрса да, батылдықтың үлгісін көрсетіп, әйелді құтқарып қалдыңыз. Бұл оқыс оқиғаға ұшыраған жанға немқұрайлы қарамайтыныңызды, белсенді азаматтық ұстанымыңызды әйгілейді. Мұны ерлік деп есептемесеңіз де, бұған кез келген адамның батылы жетпес еді. Бұл – кәсіби қызмет қана емес, ізгі ата-ана тәрбиесінің де жемісі», деді өңір басшысы.

«Мен сол сәтте ештеңе ойлаған жоқпын. Тек құтқару керек болды. Оның қара күртесі де ауыр екен, соған қарамастан, қатты ағыспен күресе отырып, әйелді жағаға шығардым», деді аға сержант А.Нұрғалиев.


ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, Асқар Нұрғалиев сол күні өз автокөлігімен кезекшіліктен қайтып келе жатқан. Шаған өзеніндегі көпірден әйелдің секіргенін көрген бойда автокөлігін тоқтатып, тез шешініп, суға секірген. Егер сәл кешіккенде, құтқару мүмкін болмас еді.

Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында дәрігер отбасында туып-өскен Асқар Нұрғалиев Ұлттық ұланда 2015 жылдан бері қызмет етеді, төрт баланың әкесі.

Еске сала кетейік, оқиға 26 қазан күні Орал қаласында болды. 32 жастағы әйел Шаған өзенінен өтетін көпірден секіріп кеткен еді.


Соңғы жаңалықтар