Көпбалалы отбасыларға дайын үйлерді алып беруге қомақты қаржы бөлінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көпбалалы отбасыларға дайын тұрған үйлерді сатып алып беру үшін 25 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді салу үшін биыл 81,7 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр. Өңірлерді қаржыландыруды бастап кеттік. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда», - деді министр.

Оның айтуынша, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған.

«Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз», - деді ол.

Р.Склярдың сөзіне қарағанда, бұл үшін бүгін 25 млрд теңгенің құрылыс жобаларының тізімі жасалған. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді. Лимит сомасы өңірлердегі əкімдіктерде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына негізделеді.

«Мысалы, Түркістан облысында 4 832 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Осыған байланысты өңірге пропорционалды 8,6 млрд теңге бөлінуде. Бұл қаражаттан 4,3 млрд теңге құрылысқа, қалған 4,3 млрд теңге дайын пәтер сатып алуға беріледі. Солтүстік Қазақстан облысындағы 342 отбасыға берілетін лимит 700 миллион теңгені құрайды», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар