Көпбалалы отбасыларға арналған ипотеканың ай сайынғы төлемақысы қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беру шараларын түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтің айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 8 миллион теңге қарызға алынса, алғашқы 8 жылда ай сайын 42 000 теңгеден төлеу керек. Ал одан кейінгі 11 жылда аталған сома 27 000 теңгеге дейін төмендейді.

"Жеңілдетілген баспана несиесіне жаңа пәтер, болмаса, үй сатып алуға болады. Жылдық мөлшерлемесі - 2 процент. Ол 19 жылға беріледі. Сосын 10 пайыз көлемінде алғашқы жарна салу қажет. Енді, алғашқы жарнаға ақша жоқ деген мәселе туындайды. Мәселен, 10 миллион теңгені қарызға алсаң, 1 миллион теңге көлемінде алғашқы жарна қажет. Біз бұл мәселені былай шешуді көздеп отырмыз. Әкімдіктер беретін тұрғын үй куәліктері арқылы, болмаса, ірі кәсіпорындардың көмегімен алғашқы жарнаны алуға болады. Мәселен, Астана қаласы тұрғын үй куәліктеріне 2 миллиардтан астам қаржы бөлеміз деп отыр. Соның көмегімен алуға болады", - деді М.Жайымбетов бүгін Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, жеңілдетілген кредиттің ең жоғары сомасы - 15 миллион теңге алынса, ол отбасының табысы 104 250 теңге болуы қажет. Ал 6 миллион теңгенің қарызына 56 850 теңгенің жалақысы керек.

"Мысалы, 6 миллион теңгенің несиесін алсаңыз, онда алғашқы 8 жылда ай сайын 31 600 теңгені төлейсіз. Одан кейінгі 11 жылда 18 988 теңге төлеп отыру қажет. Бұған бала саны төрт баладан көп отбасылар қатыса алады. Сосын мүгедек балалары бар отбасылар мен толық емес отбасыларға алуға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті М.Жайымбетов.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі 2 проценттік ипотеканың шараттарын сараптап шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар