+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 386.70 EUR 427.15
RUB 6.06 CNY 54.57
Jańalyqtar

Көпбалалы отбасыларға арналған арзан баспана қалай беріледі

2019 жылғы 11 наурыз 12:26
Бөлісіңіз:
Көпбалалы отбасыларға арналған арзан баспана қалай беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде көпбалалы отбасылар үшін мыңдаған жалдамалы пәтер салынуы шарт. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның соңында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде атқарушы билікке осындай тапсырма жүктеген болатын. Үкімет оны ұзаққа созбай, мамыр айында алғашқы пәтерлерді бере бастауды жоспарлап отыр. Ондай баспананың бір айлық төлемақысы шамамен 7-9 мың теңге болады деген болжам да айтылып қалған еді. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі Қазақстандағы жалдамалы пәтерлер құрылысын зерделеп, көпбалалы отбасыларға арналған баспананы жалға берудің есеп-қисабын сараптап шыққан болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеті жылдың ішінде 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынуы қажет. Ал ондай баспана «көпбалалы отбасылар» санатына кіретін барлық азаматтарға берілмейді, тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар арасында ғана таратылады. «Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерді салып шығуды тапсырамын. Аталған пәтерлер алдымен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға берілуі шарт. Осы мақсатта алдағы жеті жылдың ішінде жыл сайын 50 миллиард теңгеден бөліп отыру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде Қазақстанда көпбалалы отбасылардың саны 340 мыңнан асып жығылады. Бірақ олардың барлығы бірдей баспанаға зәру емес. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша баспана кезегінде 487 756 адам тұр. Осы азаматтардың ішінде 216 464 адам - әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың арасында 28 126 көпбалалы ана бар. Демек, Президент тапсырмасы аясында салынатын жалдамалы пәтерлер алдымен осы адамдарға беріледі.

Негізі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы пәтер салу жұмысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Содан бері бір мыңнан астам көпбалалы отбасы осындай баспанаға ие болды. Мәселен, 2017 жылы 707 отбасы жалдамалы пәтер алса, 2018 жылда 486 көпбалалы отбасы арендалық үйге кірді. Жалпы, екі жылдың ішінде 6,3 мың арендалық пәтер пайдалануға беріліпті. Демек, соның тек 20 проценті ғана көпбалалы отбасыларға тиіп келген.

Ал биыл Үкімет осы санаттағы баспананы мамыр айында таратамыз деп отыр. Жаңадан тағайындалған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, жеті жылдың ішінде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың барлығы баспаналы болады. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз жеті жылдың ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтерді салып отырамыз. Сөйтіп, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер тұрғызылады. Сол кезде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешіледі. Биыл мамыр айында біз көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерді беруді бастаймыз», - дейді Роман Скляр.

Әрине, бұған дейінгі екі жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылда жалдамалы пәтер алатын көпбалалы отбасылардың саны көбейеді. Ал баспана кезегінде тұрған 28 126 көпбалалы отбасыны жеті жылдың ішінде толығымен жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету үшін жыл сайын тек осы санатқа ғана 4 000 пәтер салып отыру қажет. Бұл дегеніміз, биыл салынатын жалдамалы баспананың барлығын көпбалалы отбасыларға таратып беруге тура келеді деген сөз.

Заң бойынша жалдамалы баспана әлеуметтік жағынан аз қамтылған басқа да азаматтарға берілуі шарт. Олардың қатарына II Дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ осы санатқа теңестірілген адамдар, мүгедек балалары бар отбасылар, бірқатар созылмалы аурулардың ауыр формасы бар адамдар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, I мен II-топ мүгедектері, оралмандар, экологиялар апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде баспанадан айырылғандар, мемлекеттік және қоғамдық қызметті атқару кезінде, әскери қызмет, ғарышқа ұшу немесе ұшуға дайындық кезінде, адам өмірін құтқару және құқықтық тәртіпті сақтау кезінде қаза болған азаматтардың отбасылары кіреді.

Екіншіден, қазіргі күні жалдамалы пәтерлер кезек бойынша таратылады. Енді, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға басымдық берілсе, 4 000 мың пәтер автоматты түрде соларға таратылуы қажет. Онсыз жеті жылдың жоспарын орындау мүмкін емес. Сонда жоспар бойынша жыл сайын салынатын 6 000 жалдамалы пәтердің 2 000 данасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған басқа азаматтарға тиеді.

Қазіргі кезде көпбалалы отбасыны әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың қатарына қосудың өзіндік есеп-қисабы да бар. Ондай отбасының жылдық табысы бір адамға шаққанда күнкөріс минимумның 3,1 еселік мөлшерінен аспауы шарт. Биылғы күнкөріс минимумы 29 698 теңгені құрайды. Ал оны 3,1-ге көбейтсек, 92 063 теңге болады. Демек, көпбалалы отбасының бір жылдық табысын алып, барлық мүшелерге бөлгенде әрбір адамға келетін сома 92 063 теңгеден аспаса, ол көпбалалы отбасы «әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы» санатына жатады және жалдамалы пәтерге құжат тапсыра алады.

Ал жалдамалы пәтердің бір айлық төлемақысын есептегенде құрылысқа кеткен шығындар мен нысанды пайдалану мерзімі ескеріледі. Мәселен, тұрғын үйдің бір шаршы метріне 140-180 мың теңге жұмсалды. Аталған құрылыс нысанының пайдалану мерзімі 100 жыл болса, жалдамалы пәтердің бір айлық төлемақысы 117-150 теңгеге шығады. Сонда 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді жалға алу құны 7-9 мың теңгенің көлемінде болады.

Сонымен, Үкімет жеті жылда кезекте тұрған көпбалалы аналардың барлығын баспанамен қамтамасыз етеміз деп отыр. Соңғы екі жылда республика бойынша 6 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынды. Демек, бір жылда үш-ақ мың арендалық баспана пайдалануға берілді. Бұндай қарқынмен тек көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтер тарату үшін бақандай он жыл кетеді. Оның сыртында әлеуметтік жағынан аз қамтылған басқа да азаматтар бар. Сосын жалдамалы пәтердің жеке меншікке берілмейтінін ескерсек, көп балалы отбасында кредиттік баспана алуды қалайтындардың болатыны анық. Бірақ ол үшін алқашқы жарнаны жинау керек. Бәлкім, көпбалалы отбасыларға тұрғын үй куәліктері таратылады. Сонда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 2 проценттік ипотеканы алуға мүмкіндік болады. Дегенмен, кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың жартысы жалдамалы баспанаға құжат тапсыратын болса, жеті жылда тек осы санатқа ғана жыл сайын екі мың пәтер салып отыру қажет екен. Әрине, ондай пәтерді алу үшін «әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы» санатына ілігу керек...

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT