Көпбалалы отбасылардың үй мәселесін жеке кезек бойынша шешу керек - Сансызбай Есілов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордадағы көпбалалы отбасылардың мәселесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз нақты көпбалалы отбасылардың мәселесін қарастырған жоқпыз. Бірақ, Қоғамдық кеңестің мүшелері, менің өзім де елордада орын алған оқиғалардың бәріне - бес баланы жерлегенде, Конгрес холда көпбалалы аналар жиналған кезде де болдым. Иә, мәселе өте өзекті. Бірақ, бәрін де қалалық әкімдік немесе біз шеше алмаймыз. Біз заңнама аясында жергілікті билікпен бірлесе жұмыс жүргіземіз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, баспана мәселесін шешу - Үкіметке, Парламентке байланысты. Барлық шаруа заңнамалық тұрғыда реттеліп отыруы керек», - дейді Сансызбай Есілов елорда әкімдігінде өткен жиында.

Қоғамдық кеңес төрағасы өз сөзінде көпбалалы аналармен кездескен кезде қандай ой түйгенін айтып берді.

«Менің өзім Астанада туып өстім. Біздің қаланың халқы 20 жылдың ішінде үш жарым есеге көбейгенін көріп отырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен халық көшіп келіп жатыр. Олардың әрекеттері де түсінікті: бәрі де жақсы өмір іздейді, баламның болашағы жарқын болсын деп ойлайды. Алайда көшіп келіп жатқандардың кейбірі өз күші мен мүмкіндігін ескере де бермейтінін де айта кету керек. Конгрес холда әйелдермен кездескенімде бір әйел маған Түркістан облысынан көшіп келгенін, жеті баласы барын, үйінде отырғанын, ал күйеуінің жұмысы тұрақсыз екенін айтып берді. Мен одан «Түркістан облысында үйіңіз бен шаруашылығыңыз бар ма еді?» деп сұрағанымда, үйін сатып жібергенін жеткізді. Бірақ, «Мәскеу көз жасыңа» сенбейді деген бар... Адамдар басқа шаруа түгілі қарапайым тіркеу мәселесін шеше алмай жатыр», - дейді ол.

Сансызбай Есілов тұрақты тіркеуі жоқ болғаннан кейін көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан тиесілі жеңілдіктерге ие бола алмай отырғанын атап өтті.

«Мемлекет бұл мәселеге бет бұрар деген ойдамын. Қазіргі уақытта Үкімет жұмыс тобын құрып, аталмыш мәселені шешуді көздеп отыр. Көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керектігі туралы бастаманы 100 пайыз қолдаймыз. Себебі, бұл отбасылар күрделі материалдық жағдайымен қоса баспананы жалдап тұруға мәжбүр. 50-100 мың теңгеге кішкене ғана бөлме жалдап тұрады. Сол себепті, көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керек. Жетім балалардың, соғыс ардагерлері санатындай көпбалалы отбасылардың баспана бойынша жеке кезегі болуы тиіс. Себебі, қазіргі уақытта елордадағы баспана бойынша ортақ кезекте 46 мыңға жуық адам тұр», - дейді Сансызбай Есілов.

Соңғы жаңалықтар