Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту: Үкімет басшысы Қызылорда облысын үлгі етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен кеңес барысында Премьер-Министр Асқар Мамин бизнес өкілдерін көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға шақырды. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.

Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңес барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табыстары төмен көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларға тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды.

Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет пен әкімдіктер аталған бағытта жұмыстарды жүргізіп жатыр. Биыл мамыр айында көпбалалы отбасыларға пәтерлер беріле бастайды. Бес жыл ішінде жалпы 28 мың пәтер берілмек. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы тұрғын үй займдарын берудің жеңілдікті тетігі әзірленді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр баспананың қолжетімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кеңес барысында Қызылорда облысының халықтың әлеуметтік әлсіз тобының тұрғын үй мәселесін шешудегі тәжірибесі ерекше аталып өтті. «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда облысының әкімдігі көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешуді көздейтін Б. Өтемұратовтың жекеменшік қорымен бірлесіп өтеусіз негізде берілетін үйлерді салуды бастады.

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев пен Қор директоры М. Айтмағамбетов жобаны іске асыру туралы ақпарат берді. Жұмыс комиссиясы Қызылорда қаласы бойынша қолайсыз тұрғын жағдайларында өмір сүріп жатқан 150 отбасыны анықтады. Оларға пәтерлер берілетін болады: 50 отбасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтылады, 100 отбасы «Баламекен» жобасы аясында баспанаға ие болмақ. Жалпы алғанда, Қордан үйлердің құрылысын қаржылай қолдауға 450 млн теңге бөлінген.

Облыс әкімдігінің деректеріне сәйкес, бір шаршы метр тұрғын үйдің құны 70 мың теңгені құрайтын болады. Үйлер осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай пайдалануға беріледі. Бұған қоса, белгіленген мерзімге қарай қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары (электр қуаты, газ, су, телефон байланысы, автожолдар және т. б.) аяқталады, сондай-ақ әрбір отбасыға 6 сотық жер телімі бөлінеді.

Бұдан өзге, Қызылорда облысының көпбалалы отбасыларының ішінен аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қосымша 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 470 пәтерді құрайтын 10 үйді салуға жол ашады. Жалпы, биыл облыста 1966 пәтерді құрайтын 45 көпқабатты тұрғын үй салынады, олардың басым бөлігі мұқтаж азаматтарға бөлінеді.

Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықтың әл-ауқатын жақсартуға бизнес өкілдері де өз үлестерін қосуы керек екенін айтты.

Ол Қызылорда облысының оң тәжірибесін пайдалануды тапсырып, бизнес өкілдерін әлеуметтік әлсіз отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жобаларын іске асыруға шақырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен «Болат Өтемұратов қоры» жекеменшік қоры арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

null

Соңғы жаңалықтар