Көпбалалы аналарға қандай жағдай жасалуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында 672 баспана көпбалалы аналарға беріледі. Оның тең жартысы Талдықорған қаласында қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Талдықорған қаласында облыстың көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларына жасалып жатқан игі істер жайлы арнайы брифингте баяндалды.

«Биыл Алматы облысында 672 пәтер көпбалалы аналарға беріледі деп жоспарлануда. Оның 320 пәтері осы Талдықорған қаласында беріледі. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Алғашқы баспана осы 1-ші маусым балалар күнінен бастап беріле бастайды. Кезекте тұрған тұрғындарға баспана беру басталады. Одан кейін бізде «Коттеджді қалашық» бар. Ол жерден де үйлер үлестіріледі. Биыл 155 коттедж үйдің құрылысы аяқталады. Оның 70-і көпбалалы отбасыларға беріледі. Тек ғана Талдықорған қаласы емес, бізде аудандар да бар. Сондықтан облыс бойынша 1-ші маусым балалар күнінен бастап көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар, басқа да кезекте тұрған тұрғындарға баспана беріле бастайды», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев.

Айта кетейік, Алматы облысының әкімдігі «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы боламын деген көпбалалы отбасылардың алғашқы жарнасын төлеуді де қолға алды. Осылайша құны 1 млн теңге болатын тұрғын үй сертификатын беруді бастады. Ал сертификаттың жиынтық қоры 300 млн теңге. Демек, 300 отбасының алғашқы жарнасын төлеуге әкімдік қол ұшын беруде.

Жалпы Алматы облысында көпбалалы 40 мыңға жуық отбасы бар. Екі-үш айдың төңірегінде ғана кәсіпкерлер мен жаны жомарт жандар 60 көпбалалы анаға баспана сыйлады. Игі бастама әлі жалғасын табуда.

Сондай-ақ, облыста көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың балаларын әкімнің тегін білім грантымен қамтамасыз ету, оқушыларын тегін тамақтандыру, тегін қоғамдық көлікпен жүру, табиғи газға қосылуға жеңілдік жасау, өрт қауіпсіздігінен сақтандыру құрылғыларын тегін орнату сынды көптеген жұмыстар атқарылуда.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бастап талдықорғандық көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре бастады. Жалпы Алматы облысының орталығында 4 және одан да көп баласы бар 2500-ге жуық ана тіркелген.

Соңғы жаңалықтар