Көпбалалы ана, тілші, меценат: «Қайырымдылық керуені» жүлдесі кімге бұйырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы «Qazaqstan» орталық концерт залында «Қайырымдылық керуені» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Жомарт жандарға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқауға қатысушылар әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге әрі жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жандар.

Байқаудың маңыздылығын атаған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының директоры Дариға Назарбаева: «Байқау жеңімпаздарын іздеу барысында жобамыздың жұмыс тобы сан түрлі ғажап адамдармен кездесті.

Олардың арасында кәсіпкер-меценат, ҮЕҰ өкілдері, мұғалімдер, фермерлер, дәрігерлер, зейнеткерлер, студенттер және тіпті, мектеп оқушылары бар. Жыл санап сайысқа қатысушылардың қатары артып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Егер алғашқы «Қайырымдылық керуені» байқауына 97 адам қатысса, бүгінде 231 адам бақ сынап отыр. Бәріңізге немқұрайлы болмай, патриотизм, жауапкершілік пен мейірімділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз бізге, әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнегесіздер!», - деді.

Конкурс жеңімпаздары 5 номинация бойынша марапатталып, оларға I, II және III дәрежелі медальдар, сондай-ақ «Оқжетпес» шипажайына жолдамалар, ақпараттық серіктестер - «Хабар» агенттігі мен «КТК» телеарнасынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Жарыстың ең жоғары наградасы – І дәрежелі медальмен марапатталғандар:

- «Асар» номинациясы – алматылық Алжан Алашабаеваға берілді. Ол қазақтың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар, оның жобасы көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар балалардың таным көкжиегін арттыру арқылы оларды қоғамға бейімдеуге бағытталған;

- «Туған жер» номинациясы Жамбыл облысынан келген Ләззат Жабатаеваға бұйырды. Ләззат ерекше патриотизм көрсеткені үшін марапатталды. Ол Түркістан облысындағы туған ауылы Шәуілдірге балабақша салды. Сарыкемер ауылында өз қаражатына спорттық-сауықтыру кешенін салып, құрал-жабдықпен қамтамасыз етті әрі республикалық «Батыс қақпасы» тасжолында «Қайнар» медициналық орталық нысанын тұрғызды. Сонымен қатар ол жыл сайын қайырымдылыққа 7 миллион теңгеге дейін қаражат бөледі;

- «Мейірім жолында» номинациясы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанар Байжүлденоваға табысталды. Жанар - көпбалалы ана, қоғам қайраткері. Өзінің маңызды жобасында патронаттық тәрбие, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасын табуға көмектесу тәжірибесін насихаттайды. Екі баланың анасы 2012-2016 жылдар аралығында 11 сәби асырап алған;

- Өскемендік Айбек Әбдірахманов «Батыл жүрек» номинациясына ие болды. Ол 7 адамнан тұратын отбасын өрттен құтқарды. Өткен жылдың қыркүйек айында үйге қайтып келе жатқанда Айбек отқа оранған үйді көреді. Ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, адамдардың шығуына көмектесіп, ерлік жасады;

- «Қайырымдылық тарихы» номинациясы Қызылорда облысынан келген Толқын Қабылшаға табысталды. Ол «Qazaqstan» республикалық телеарнасының облыстық филиалының тілшісі. Толқын қайырымдылықпен айналысады, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шараларына да белсенді атсалысады.


Соңғы жаңалықтар