Көпбалалы ана Ольга Сағындықова: Қазақтың домбырасы өмірімді күрт өзгертті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Домбыраны алғаш 10 жасында қолға алған Ольга Сағындықова сол уақыттан бері ұлттық аспапты жанына медеу етіп келеді. Ұзақ жыл Қорғаныс министрлігінің фольклорлық ансамблінде өнер көрсеткен ол бүгінде Алматы қаласындағы №2 оқушылар үйінде «Дәстүрлі домбыра» үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істейді.

6 қыз тәрбилеген көпбалалы ана қазақ тіліне судай. ҚазАқпарат тілшісі күмбірлетіп күй шерткенде бойыңды елітіп әкететін, әуелетіп ән шырқағанда құлақтың құрышын қандыратын Ольга Сағындықовамен сұхбаттасып көрген еді.

- Әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- 1972 жылы Ресейде дүниеге келгенмін. Ал анамның туған жері – Орал қаласы. Мен 10 жасқа толғанда Қазақстанға қоныс аудардық. Оралдан 90 шақырымдай жердегі Ақсоғым ауылында тұрып, сондағы мектепте білім алдым. Қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысып, тіл үйрендім.

- Домбыраға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Сыныптастарым домбыра үйірмесіне барып жүрген еді. Бірде Анар есімді құрбымның қолындағы аспапқа қызығып, ұстап көрдім. Сол кезде ол маған «Саған домбыра ұстаған жарасады екен. Үйірмеге жазылсаңшы. Бірге барамыз» деді. Көп ойланбай оның бұл ұсынысына келістім. Міне, осы бір сәт менің өмірімді өзгертіп жіберді. Үйірме жетекшісі Серік Абылханұлы бізге домбыра шертуді ғана үйретіп қойған жоқ, ұлттық аспаптың қадір-қасиетін ұғындырды.

Алғашқы домбырамды анам 22 сомға алып берген еді. Ұстазымыз оның мойнын жіңішкертіп, пернелерді қайта байлады. Кейіннен мектептегі «Домбырашы» атты ансамбльге қабылдандым. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі концерттерде өнер көрсетіп жүрдік. Бірде тіпті Ресейдің Владивасток қаласына барып, көпті күймен әлдиледік. Содан кейін өзім жеке қазақтың халық әндерін айта бастадым. 1989 жылы Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға түсіп, 7 жыл бойы кәсіби білім алдым. 3-курстан бастап №7 музыкалық мектепке жұмысқа орналасып, домбыра сабағынан тәлім бердім. Ең алғашында 15 оқушым болды.

Бірде жұмыстан шығып жатақханаға келгенімде Сахан Әкелеев есімді консерватория түлегін кездестіріп қалдым. Ол маған «Сені жолықтырғаным қандай жақсы болды. Қалаға Қорғаныс министрі келді. Соған біз концерт ұйымдастырып жатырмыз. Сол шараға сен де қатыссаң жақсы болар еді» деді. Келісімімді беріп, концертте бірнеше күй орындап бердім. Арада бірнеше күн өткеннен кейін мені офицерлер үйіне шақыртып, Қорғаныс министрлігінің шағын фольклорлық ансамбліне мүше болуға ұсыныс жасады. Сөйтіп, 1996 жылдың қаңтар айында әскери музыкант атандық. Осы салада 20 жылдай жұмыс істедім. 3 жыл бұрын зейнетке шықтым. Бүгінде №2 оқушылар үйіндегі «Дәстүрлі домбыра» үйірмесінің жетекшісі болып еңбек етудемін.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

- Жұбайым Марат та сол ансамбльде өнер көрсеткен-тұғын. Екеуіміз 1997 жылы жылы отбасын құрдық. 2000 жылы Семей қаласына көшіп келіп, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестріне жұмысқа орналастық. Көпбалалы жанұямыз. Алты қыз тәрбиелеп отырмыз. Зарина, Дарина есімді кенже қыздарымыз егіз. Қазір олар №79 мектеп-гимназиясында 1 сыныпта оқиды. Үлкен қызымыз Ұлпан тұрмыста.

Күйеуім екеуіміздің туған-туыс, дос-жарандардың тойларында бірге дуэт болып ән шырқайтынымыз бар. Мен домбырада, ол гитарада ойнайды. Көбінесе Кеңес Дүйсекеевтің «Қарағым ай» әнін, Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Жұбайлар жырын» айтамыз. Кішігірім отырыстарда, туған күн кештерінде көбісі бізге «Ән айтыңдаршы» деп қолқа салады.

- Сүйікті күйлеріңіз қандай ?

- Жүрегіме жақыны – Құрманғазының «Адай» күйі, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» және «Жекпе-жек» күйлері, Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі, Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны».

- Қандай ұлттық тағамдарды әзірлей аласыз ?

- Үйде қонақ күткенде ет асамыз. Жұма күні шелпек, бауырсақ пісіреміз. Қуырдақ та әзірлеймін. Ұлыстың ұлы күні келгенде Наурыз көже жасағанды жақсы көремін.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!





Соңғы жаңалықтар