Көп балалы отбасыларға 42 мың пәтер жалға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы 7 жылдың ішінде көп балалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын болады. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен көп балалы және аз қамтылған отбасылармен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде бізге тапсырған негізгі үш тапсырмасы бар. Ол алдымен баспана мәселесі, екінші халықты таза ауызсумен қамту және жергілікті жерлердегі жол мәселесін шешу. Берілген тапсырмадан соң біз Қазақстанның әр өңіріндегі 50 шақты елді мекенде болып, тұрғындармен кездесу ұйымдастырдық. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдай отырып байқағанымыз, көмек-қолдау сұрап келген тұрғындардың 70-80% баспана мәселесін шешіп беруді сұрады», - деді комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 340 мың көп балалы отбасы бар, оның 28 126 тұрғын үй кезегінде тұр және соңғы екі жыл ішінде 1193 отбасы баспаналы болды.

«Бұрын мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға жылына 600 пәтер берілетін болса, биылдан бастап бұл көрсеткіш он есеге артып, енді жыл сайын 6 мың пәтер беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 млрд теңге қаржы қарастырылған. Яғни, алдағы 7 жылдың ішінде (2019-2025 жж) көп балалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын болады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына тоқталсақ 7 жыл ішінде 616 пәтер салынады, бұл үшін 5 млрд теңге қаражат бөлінеді», - деді ол.

Комитет басшысының дерегіне сүйенсек, еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған көп балалы отбасылардың көшін Түркістан облысы бастап тұр - 4832 отбасы, екінші орында Алматы облысы - 3149 отбасы, тиісінше үштікті Нұр-Сұлтан қаласы түйіндейді, елордада 2888 отбасы баспанаға мұқтаж.

«Бұл шаралардан бөлек, мемлекет тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін төмен пайыздық займмен баспана алу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл кезекті күтпеймін деген отбасыларға арналады. Ол үшін бюджеттен 150 млрд теңге қаражат бөлінді. Яғни, алдағы 3 жылдың ішінде 18 мың займ береміз, бұл дегеніміз 18 мың отбасы баспаналы болады деген сөз. Мысалы, бір отбасы жеңілдетілген пайызбен 8 млн теңгенің пәтерін кредитке алса, ол алғашқы 8 жыл 42,1 мың теңге, одан кейінгі жылдары 27,4 мың теңге төлейтін болады. Осы бағдарлама сәтті жүзеге асырылған жағдайда 56 мың пәтерге дейін жеңілдетілген займмен беру жоспары бар», - деді М. Жайымбетов.

Соңғы жаңалықтар