Көп ауылда тұрғындар қарапайым медициналық көмекке мұқтаж - дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында медицинаның дамуына тың серпін берілетінін атап өтті. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі тиімді денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге 3 жылдай уақыт қажет деді. Шын мәнінде, бұл - игі бастама, дейді дәрігер Махмуд Есенгелдиев.

«Мемлекетіміздің құндылығы – халық десек, халық үшін бастысы – денсаулық. Елді мекендердегі халық денсаулығы, әсіресе, өзекті. Мұны мен дәрігер ретінде ғана емес, ауылда туып-өскен, еңбек етіп жүрген азамат ретінде айтып отырмын. Көпшілік ауылдардағы тұрғындар қарапайым медициналық көмекке мұқтаж. Оның үстіне, дәріханалардың жоқтығы қиналтады. Менің дәрігер ретіндегі арманым - елді мекенде кабинет ашу болатын. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол арманға қол жеткізіп, Қызылорда облысы, Махамбет ауылынан кішкене ғана клиника мен дәріхана аштық. Өткенде ғана короновирус пандемиясының ушығып тұрған кезінде қаншама ауыл адамы дәрі іздеп шарлап кетті. Сол кезде халық үшін дәріхананың қажеттілігіне тағы бір көз жеткіздім» дейді дәрігер.

Президент алыс елді мекендерде көліктік медицинаны жаңғыртуды қолға алуды атап өтті. Маманның сөзіне сенсек, бұрындары ол сала жақсы дамыған еді. Қазір қайта жаңғыртар болса нұр үстіне нұр болады.

«Жалпы, мемлекетіміздегі биліктің халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, заман ағымына сәйкес өзгере білуі қуантады. Қазіргі республика деңгейінде денсаулық сақтау жүйесінің мәз емес екені баршаға мәлім. Әсіресе, материалды-техникалық базаның жеткіліксіздігі, білікті мамандардың аздығы, медициналық қызмет сапасының төмендігі, ал ең бастысы дәрігерлердің айлығының аздығы медицина саласына жаңа кадрлардың баруына кедергі. Мысалы, АҚШ медицина саласына жылына жалпы ішкі өнімінің (ВВП) 16,4 пайызын жұмсайды екен, ал, Швейцария - 12,1%. Біздің елімізде бұл көрсеткіш - 3,4% шамасында. Жалпы, кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесін сол елдегі адам өмірінің ұзақтығымен өлшейді. Әдетте. Бұл жағынан келгенде Қазақстан жағдайы мәз емес. Адам өмірінің ұзақтығы бойынша Қазақстан әлемде 111 орында. Бұған адамға дер кезінде шұғыл көмек беру, емнің көптеген түрлерін жергілікті жерлерде көрсету, тағы басқа факторлар әсер етері сөзсіз» деп атап өтті Махмуд Есенгелдиев.

Дәрігердің айтуынша, халықтың да өмір сүру салтына өзгеріс енгізу қажет. Салауатты өмір салты, таза ауа, дене шынықтыру, дұрыс тамақтану деген сияқты.

«Мемлекет медицина саласының инфрақұрылымын дамытуға, осы салаға мән беруді қолға алды. Ендеше, біз де өз тарапымыздан барынша қолдан келгенді аямайтын боламыз» деп түйіндеді сөзін дәрігер.


Соңғы жаңалықтар