Конвергентті журналисті қалай тəрбиелейміз - Молдияр Ергебеков

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда  ҚХА жас журналистер клубының отырысы TEDx форматында  өтті. С.Демирел атындағы университеттің профессоры, масс медиа жəне кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков жас журналистерді дайындаудағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Convergence деген ағылшын тілінен шыққан сөз. Мағынасы - бір бірімен байланысы жоқ салалардың біріне - бірі ықпал ете отырып,  бір бағытта ілгерілеуі.

Молдияр Ергебековтың айтуынша, 90 жылдардан бастап, ғаламтордың келуімен видео жасап əрі мəтін жазатын, дыбысты көшіріп,  бұларды монтаждап, графика, дизаин жасай алатын конвергентті , жан-жақты журналистер керек бола бастаған.

"Интернеттің пайда болуымен бірге газеттер əлемнің барлық жерінде қолжетімді бола бастады. Мысалы, мен Ленгердің баласымын, ауданымның «Төле би туы» деген газетін Алматыда отырып оқи аламын. Басылымның интернет сайты бар. Сол сияқты «Төле би туына» Уругвайда отырып та қол жеткізе аламын. Таралым жаһанданды. Бұл журналистің жан-жақты, технологиялық тұрғыдан білікті болуын талап етті", - дейді Молдияр Ергебеков.

«Бұл талапқа қалай жауап береміз, не істеуіміз керек?» деген сұраққа зерттеуші былай дейді:

«Ол соншалықты қиын емес. Қазіргі кезде қысқа мерзімді курстар бар. Адам сол жерге барып 3 ай Excel, Photoshop, басқа да бағдарламаларды үйрене алады . Бұл жерде тағы бір мəселе бар. Конвергенттілікті тек  технологиялық тұрғыдан біліктілік деп ойлаймыз. Негізі журналистеріміздің міндеті - рухани тұрғыдан конвергентті бола алу»,-деді М. Ергебеков.

«Журналистика факультеттеріне түсетін талапкерлердің Қазақстан тарихы және Қазақ тілі мен əдебиеті пəндерінен алған бағалары есептеледі. Ал журналистика - филология емес. Журналистика - социология, антропология, саясаттану, экономика. Мектептерде адам, қоғам жəне заң деген пəн бар. Менің ойымша журналистика таңдағандардың  осы пəннен алған бағасын есепке алуымыз керек сияқты. Біздің журналист тəрбиелеу үрдісіміз əлі де Кеңестер Одағындағыдай. Ақын-жазушы болғысы келетін адамдар журфакқа келеді»,-дейді журналистика маманы.

Бұл - заман талабы, журналистиканың шындығы да осы. Журналистикаға байланысты  пəндер компоненті де Журналистика тарихы, жанрымен шектеледі. Əлеуметтану, экономика, антропологияны қамтымайтын пəндермен оқытады. Молдияр Ергебековтың айтуынша, Біз бұл жүйені өзгертуіміз керек.

«Қазақстанда журналистика факультетінің оқу компонентін Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ журфагы жасайды. Мен бұған қарсымын. Біз бұл компонентті демократиялауымыз керек. Яғни Қазақстанда 28 университетте журналистикалық білім беретін факультеттер, бөлімдер бар. Сол факультеттердің ұстаздарымен бірігіп, оқу компонентін пікір алмаса отырып анықтауымыз керек. Міндетті пəндер мен таңдамалысын ажыратып алуымыз керек.  Екінші мəселе - ұстаздарда. Біз, ұстаздар өзіміз "сonvergence"  болуымыз керек. Яғни жан-жақты болуға тиіспіз», - деп атап өтті М.Ергебеков. 

Өкінішке қарай, көптеген жасы үлкен мұғалімдер əлі де компьютерде Word-та теруді білмейді. Оны мойындау керек.

«Мен шетелде оқығанда 70 жастағы профессорлар сабақ берді. Олар графика да жасай білетін, кітап та шығара беретін. Ал біздің қоғамда «Технология - жастардың ісі» деген түсінік қалыптасқан. Адам қартайған сайын технологиядан алыстау керек сияқты. Жоқ, олай емес. Егер біз, ұстаздар конвергентті болсақ, болашақ журналистерді осыған тəрбиелейміз» дейді маман. 

Үшінші мəселе тағы бар. Конвергентті бола алу үшін батылдық керек. Батылдықты журналист университеттің аудиториясынан үйренеді.

«Біздің ұстаздар өте қатал. Бізде "Қатал ұстаз - жақсы ұстаз" деген түсінік бар. Жоқ, студентке сөз құқығын бере алатын, бағыт-бағдар сілтей алатын, оларды тыңдата алатын ұстаз болуымыз керек. Сол кезде ғана болашақ журналистер ковергентті болу үшін рухында батылдықты таба алады деген ойдамын», - деп сөзін қорытындылады Молдияр Ергебеков.

 

Соңғы жаңалықтар