Конвенцияға қол қою 20 жылға созылған келіссөздерді түйіндейді - Қайрат Әбдірахманов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммиті қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталатын кездесу туралы өз пікірін білдірді.

- Министр мырза, Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитін тарихи кездесулердің қатарына жатқызуға болады. Себебі, онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы теңіздің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын әзірлеген сарапшылардың еңбегін қалай бағалар едіңіз?

- Сарапшылардың жұмысына жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі  баға берген болатын. Бұл аса күрделі және көпжақты жұмыс. Оның нәтижесі Ақтау саммитінде қарастырылады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын әзірлеу бесжақты форматта жүргізілді және онда көрсетілген барлық тұжырымдамалар мен ережелер консенсус негізінде қабылданды.

Біздің пікірімізше, бұл құжат өте теңдестірілген және онда келіссөздер процесінің барлық қатысушыларының мүдделері ескерілген.

- Құжатқа әлі қол қойылған жоқ және парламенттер ратификациялағанша, оны жариялауға болмайды. Дегенмен, Конвенцияның негізгі мазмұны туралы айтып бере аласыз ба?

- Ең бастысы, мемлекет басшылары өздерінің саяси ерік-жігері, дипломатиялық күш-қайраты, тиімді шешімдерді іздестіруге ұмтылуы арқылы Каспий теңізіндегі ынтымақтастық туралы барлық мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізді. Оған президенттердің қол қоюына ұсынылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасы дәлел.

Конвенция Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстары мен оның үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты Каспий маңы мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты барлық мәселелерді шешуге арналған және бұл құжат тұтас Каспий аймағының қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі болуы тиіс.

Теңіз акваториясы ішкі сулар, ені 15 теңіз мильі болатын аумақтық сулар, 10 мильдік балық аулау аймақтары мен ортақ су айдыны сынды әртүрлі режимдермен межеленеді. Теңіз түбі мен жер қойнауын межелеуге келер болсақ, бұл процесс іргелес және қарсы жатқан мемлекеттер арасындағы уағдаластық арқылы жүзеге асырылады. Мұнда теңіз түбі мен жер қойнауы ресурстарын игеруге байланысты халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормалары ескеріледі.

- Ал теңіз бен оның айналасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Каспий маңы мемлекеттері қалай жұмыс істейді?

- Бұл біздің ынтымақтастықтағы өте маңызды мәселелердің бірі. Мұнда көптеген алуан түрлі аспектілер бар, олардың ең бастысы - заңға қайшы әрекеттермен күрес.

Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алдағы кездесуі аясында терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, биоресурстарды заңсыз аулауға және есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланған. Одан бөлек, әскери іс-қимылдарды жүзеге асыру, оқиғалардың алдын алу, теңізде жүзу қауіпсіздігі, сондай-ақ тараптардың құзыретті органдарының, оның ішінде шекара ведомстволарының өзара әрекеттестігіне қатысты мәселелер көтерілетін болады.

Саммит қорытындысы бойынша 2010 жылдың 18 қарашасында бекітілген Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық Келісімін іске асыру шеңберінде Каспийдегі қауіпсіздік пен заңсыз әрекеттермен күресті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болатын бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қою жоспарланған.

Каспий маңы мемлекеттеріне тиесілі емес бөтен қарулы күштерді теңізге қатынастырмау да - жекелеген мәселе. Бұл ұстаным 2014 жылдың қыркүйегінде Астраханда өткен Төртінші Каспий саммитінің қорытындысында қол қойылған Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан президенттерінің мәлімдемесінде бекітілген. Сондай-ақ бұл уағдаластық Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияда да жазылған.

Жалпы алғанда, Конвенцияға қол қоюдың Каспий теңізінің мәртебесі туралы жиырма жылдан астам уақытқа созылған келіссөздерді түйіндейтініне және теңіз маңы мемлекеттерінің өзара халықаралық, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуы үшін мызғымас құқықтық негіз боларына сенімдімін.

- Құнды пікіріңіз үшін рахмет! 

Соңғы жаңалықтар