Контрабандашылар өзбек-қырғыз шекарасында 3 жерасты жолын қазып алған

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның арнайы қызметі жасырын жерасты тоннельдері арқылы көршілес Қырғызстанда контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жолын кесті. Олар Өзбекстаннан Қырғызстанға 1,6 млн АҚШ долларынан астам қаржыны заңсыз алып өтпек болған кезінде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, екі өзбек және алты қырғыз азаматынан құралған трансшекаралық ҰҚТ-ны 1974 жылғы Қырғызстан тумасы басқарған. Олар Қырғызстанға апаратын жерасты тоннельдерін қазып, сол арқылы шетел валютасы мен тауарлық-материалдық заттарды заңсыз алып өтуді ұйымдастырған.

Ұзындығы 150 метр болатын бірінші тоннель Андижан облысы Қорғантепін ауданының 32 жастағы тұрғынының үйінен табылды. Содан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тағы бір үйді қарап, онда да Қырғызстанға апаратын тоннельді анықтаған. Оның тереңдігі – 10-12 м, ұзындығы – 420 м.

Тергеу кезінде тағы бір жерасты жолы табылды. Қарасу қаласының тұрғыны Қырғызстан азаматтарымен сөз байласып, өзбек-қырғыз мемлекеттік шекарасын бөліп тұрған «Шахрихансай» каналының астынан тереңдігі шамамен 16 м және ұзындығы 70 м болатын өткел қазған. Оған электр жарығын тартып, оттегін беретін жабдықтар да орнатқан.

«Осы үш жерасты жолымен Өзбекстаннан көрші мемлекетке аса көп мөлшерде шетел валютасы шығарылған, елімізге түрлі тауарлық-материалдық заттар әкелінген. Қылмыстық топқа қатысты іс қозғалды. Сот қылмыскерлерді 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырды», - деп хабарлады Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен.


Соңғы жаңалықтар