Контрабандалық тауардың жартысынан көбі темір жолмен тасымалданады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас көлік прокуратурасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басшыларының қатысуымен экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша алқа отырысын өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шарада аталған саладағы заңдылықтың жай-күйі, соның ішінде контрабандалық жолмен тауарлардың кіру арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, осы санаттағы қылмыстық істердің тергелу сапасы және басқа да проблемалық мәселелер талқыланды.

Бұл мәселелер көлік прокуратурасының алаңында алғаш рет қаралды, себебі кедендік саладағы барлық қылмыстық істер бойынша қадағалау ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап көлік прокурорларына жүктелген еді.

Қылмыстылықтың талдауы өткен жылмен салыстырғанда экономикалық контрабанда бойынша қылмыстық істер санының 13,3%, яғни 52-ден 67-ге дейін өскенін көрсетті.

Контрабандалық тауардың жартысынан көбі темір жол көлігімен тасымалданады. Ол 76% құрайды, ал қалған 24% автомобиль көлігімен жеткізіледі.

Осы кезеңде көлік прокурорлары 54 процессуалдық шешімнің күшін жойып, 2 істі қосымша тергеуге қайтарды.

Оған әрекетті дұрыс сараламаумен, дәлелдемелерді анықтау және бекіту кезінде қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын бұзумен, кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық қудалау аясына негізсіз тартумен ұштасқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының сапасыз жүргізу, сондай-ақ істі шешу үшін маңызы бар құжаттарды бұрмалау деректері негіз болды.

Отырыс барысында контрабанда заттарының сақталуына және мемлекет кірісіне уақытылы айналуына басты назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік орган басшыларына экономикалық контрабандаға қатысты жұмысты күшейту, қылмыстық істерді тергеу сапасын арттыру жүктелді. Сонымен қатар азаматтарды қылмыстық қудалау аясына негізсіз тартылуына, өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар