Контейнерлік жүктердің 30% Қытай мен Еуропаға жөнелтілді - ҚТЖ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ 2018 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның мәліметінше, өндірістік қызметтің көлемі артып, жүк тасымалы көбейген.

«Жүктерді тасымалдау көлемі 4% артып, жалпы көлемі 283 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 11 млн тоннаға артық. Сонымен бірге, 2018 жылы 255 тонна жүк тиелген, бұл да 2017 жылғы фактіден 5,3% жоғары. Әсіресе, астық (+36%), ұнтақ (+3%), көмір (+2,6%) тасымалында ілгерілеу бар. Тиелген жүктің 30% немесе 85 млн тоннасы экспортқа жіберілді. Экспорттық қатынаста жүк тиеу 5,2 млн тоннаға немесе 7% артты», - деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» пайдалану жұмыстар жөніндегі атқарушы директоры міндетін атқарушы Күмісбек Матжанов.

Атап өтілгендей, пойыздар қозғалысының учаскелік және техникалық жылдамдығы, локомотивтің ортатәуліктік өнімділігі сияқты сапалық көрсеткіштер жақсарды. Отын-энергетикалық ресурстар шығыны төмендеді.

«Биыл жүк айналымын 227 млрд тонна шақырымнан кем түсірмеуді немесе былтырғы көрсеткіштен 3,5% өсуді жоспарлап отырмыз. Жұмысшыларды оқыту және біліктілігін арттыру жолымен қозғалыс қауіпсіздігін бұзу оқиғаларын азайтқымыз келеді. Контейнерлік пойыздардың маршруттық жылдамдығын арттыру бойынша шара қабылдау жоспарланған еді. Биыл бұл көрсеткішті 1011 шақырымға жеткіздік. Контейнерлік пойыздардың саны мен жылдамдығын арттыру арқылы, еліміздің транзиттік әлеуеті артты. Атап айтқанда, 2018 жылы Қазақстанда 466 мың контейнер түрлі бағытқа тасымалданды. Оның 30 процентін Қытай мен Еуропа бағыттары құрайды», - деді ол.

Одан бөлек, іргелес теміржол әкімшіліктерімен электронды мәлімет алмасуды ұйымдастыру, станциялар жұмысының технологиясын қайта қарау, жылжымалы құрамды тиімді пайдалану жөнінде міндеттер қойылып отыр.

«Әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, кез келген бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымы, еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету - жұмысымыздың басым бағыттары болып қала береді», - деді К. Матжанов.

Соңғы жаңалықтар