Конституцияның өзгеруіне орай Жоғарғы Сот бірқатар нормативтік қаулыларына түзетулер енгізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді.

Оның жұмысына Жоғарғы соттың алқа төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңес, Бас прокуратура, Ұлттық Банк, мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы мен Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.

Жалпы отырыс жұмысын аша келе, Қайрат Мәми республика судьяларының  VII съезінде Мемлекет басшысы жүктеген құқықтық айқындылық деңгейін арттыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру жөніндегі міндеттерін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібіне Жоғарғы Соттың бірқатар нормативтік қаулыларының жобасын талқылау шығарылды.

«Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулының жобасын талқылауға ұсына отырып, Қ. Мәми азаматтық, әкімшілік немесе қылмыстық істі логикалық тұрғыдан аяқтауға алып келетіндіктен, сот актісін орындаудың маңызды екендігіне тоқталды. «Орындалған сот шешімі ғана сотқа жүгінген тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете алады», - деді ол.

Жоғарғы Соттың судьясы Маргарита Одинцова аталған нормативтік қаулыны қабылдауға осы бағыттағы қолданыстағы нормативтік қаулының өзектілігін жойып, сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету және заңнамадағы олқылықтардың орнын толтыру қажеттілігі туындағандығымен түсіндірді. Айталық, нормативтік қаулы соттылықты анықтауға, борышкердің мүлкін бағалауға, сауданы жүргізуге, бюджетке өсімақыны өндіруге, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының жұмысына ақы төлеуге байланысты мәселелерді түсіндіреді. Онда сот шешімін кейінге шегеру мен орындау мерзімін ұзартуға негіз болып табылатын өлшемдер айқындалған. Нормативтік қаулыда борышкердің мүлкі саудаға нарықтық құны бойынша бағаланып шығарылуына қажетті барлық шараларды сот орындаушысының өзі қабылдауы тиістігі, бағалауға қатысты дау туындаған жағдайда сот орындаушысы қабылдаған шаралар сот тарапынан тексерілетіндігі түсіндірілген. Нормативтік қаулы қандай жағдайда борышкерден мемлекет кірісіне өсімақы өндіруге болатындығын, ол неліктен азайтылуға жатпайтындығын, сауда жасау барысында бекітілген сату-сатып алу шартын жарамсыз деп тану және саудаға шағымданумен байланысты дауларды іс жүргізудің қай түрі бойынша қарау керектігін түсіндіреді.

«Жоғарғы Соттың кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Нұрия Сисенова 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа Азаматтық процестік кодекстің күшіне енгендігін еске салып өтті. Кодекс сот ісін жүргізуді үш сатылы жүйеге көшіруді, процеске қатысушылардың жарыспалылығы қағидатын күшейтуді, жеңілдетілген сот ісін жүргізудің жаңа институтын енгізуді және бұйрықтық іс жүргізуді қолдану салаларын кеңейтуді регламенттейді. Тараптарды дауды бітімгершілік жолмен реттеуге ынталандыру және шиеленісті соттан тыс шешу механизмдерін күшейту мақсатында егер іс бітімгершілік келісіммен және татуластыру рәсімдерін қолдана отырып аяқталса, сот шығындарын азайту және мемлекеттік баж салығын қайтару көзделген.

  Аталған жаңашылдықтар қолданыстағы 23 нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттілігін алға тартты. Әңгіме «Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы», «Сот шешімі туралы», «Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы істерді қарау барысында соттардың заңнаманы қолдануы туралы», «Мұрагерлік туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» және т.б. нормативтік қаулылардың процестік заңның тиісті нормаларына сәйкес келмейтін кейбір қағидаттарының күшін жою туралы редакциялық сипаттағы өзгерістер турасында болып отыр.

Н. Сисенова аталған нормативтік қаулының соттарға жаңадан қабылданған АПК-ның кейбір нормаларын қолдану барысында практикалық көмек көрсетудегі өзектілігін, заңды қолдану барысындағы кейбір түсініспеушіліктерді шешетіндігін атап өтті.

«Жоғарғы Соттың кейбір нормативтік қаулыларына қылмыстық және қылмыстық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Соттың судьясы Ерден Әріпов оны қабылдаудың қажеттілігі заңнамадағы жаңашылдықтарға байланысты туындағандығын айтты. Аталған нормативтік қаулының жобасы қолданыстағы 17 нормативтік қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Солардың қатарында «Есірткі, психотроптық және улы заттарды заңсыз айналымға түсіру жөніндегі істер бойынша заңдарды қолдану туралы», «Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы», «Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы» және т.б. нормативтік қаулылар бар.

Жалпы отырысқа қатысушылар ұсынылған нормативтік қаулылардың жобаларын талқылай келе, оларға бірқатар ұсыныстары мен ескертпелерін енгізді. Олар талқылау қорытындысы бойынша редакциялық өңдеуден кейін жалпы отырыс тарапынан түпкілікті бекітілетін болады.

Соңғы жаңалықтар