Конституциямыз он төрт жылдың ішінде ел сенімінен шығып, халықтың сүйікті заңына айналып үлгерді - Орал қалалық мәслихатының хатшысы Ә.Ізтілеуов

None
None
Л. Тамыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қазіргі заман талабына сәйкес қайта дайындалған Конституциямыз он төрт жылдың ішінде ел сенімінен шығып, халықтың сүйікті заңына айналып үлгерді.

Орал қалалық мәслихатының хатшысы Әнес Ізтілеуовтің ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткеніндей, оның көпшіліктің көңілінен  шығатын себебі, бұрынғы заңға қалауына қарай өзгерістер енгізген халықтың өзі болатын. Бүгінде өздері қалаған Ата заңның негізінде Елбасының жыл сайынғы  Жолдауын басшылыққа ала отырып, жұмыстанып жатқан қазақстандықтар көптеген игі істер тындырды. Басқасын былай қойғанда, дағдарысты еңсеруге арналған  «Жол картасы» бағдарламасының өзі неге тұрады? Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналған бұл бағдарлама шын мәнінде мемлекетіміздің  күш-қуатын арттырумен бірге әр қала, ауыл-аймақ адамдарын жұмыспен қамтуға үлкен септігін тигізіп отыр. Аталмыш бағдарлама негізінде қыруар жұмыстың тындырылып жатқаны өз алдына, жастар қазіргі таңда аса қажетті  жұмысшы мамандығын игеру үшін арнаулы оқу орындарында кәсіби-техникалық білім алуда. Бұрын шетелге шығып оқу қиын болса, бүгінгі таңда Ата заңымыз мұндай игілікті іске бел буған жастарды барынша қолдап отыр. Бұған мысал ретінде дарынды жастардың шетелде білім алуына жағдай жасаған «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Сондай-ақ басы ауырып, балтыры сыздаған барлық қазақстандықтарға қазіргі заман талабына сай жабдықталған  емханалар мен ауруханаларда тегін дәрігерлік көмек көрсетілуде.  Егемендік алған мемлекетіміздің   дамыған елдермен іскерлік байланыста болуының  өзі республикамыздың нығаюына айта қаларлықтай әсерін тигізді. Алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынасты жақсартудың арқасында Қазақстанға аса қажет мамандар дамыған елдерге жіберіліп, білімін жетілдірді, бүгінде олар шетелдіктердің озық тәжірибесін ел игілігі үшін пайдалануда.

Қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты Конституцияға  көптеген жаңа баптар енгізілді. Бұған мысал ретінде бұрынғы заңда мүлдем қарастырылмаған кәсіпкерлікке қатысты баптарды айтуға болады. Ә.Ізтілеуовтің нақтылауынша, кәсіпкерлікті дамыту жаңа-жаңа қолға алынып жатқан тұста сол кездегі Конституциямызда шағын кәсіпкерлік жөнінде арнайы бап түгілі, қарапайым  ереже де жоқ еді.  «Бірде қызмет бабында шағын кәсіпкерлік жөнінде бір мәселені шешу керек болды. Мұндай мәселені қандай да бір заңға сүйене отырып шешу керек қой. Конституцияда  шағын кәсіпкерлік жөнінде арнайы бап болмағандықтан, біз не істерімізді білмей,  дағдарып қалдық. Сосын қызметтес әріптестерімізбен өзара  ақылдасып, сонау Өскемен қаласына барып, кәсіпкерлік жөніндегі бір ережені алып келдік. Сөйтіп, соны заң орнына пайдалану арқылы қиын жағдайдан жол тауып шыққанбыз. Сол сияқты Ата Заңымызға түзетулер енгізілгенге дейін жекешелендіру жұмысында да біраз қиыншылықтарға тап болдық. Кейін, яғни, 1995 жылы халық тарапынан жасалған ұсыныстарды енгізе отырып жасалған Заңның арқасында мұндай қиындықтардан құтылдық.

Біз ұлты мен ұлысына, нәсіліне қарамай, еліміздің барлық тұрғындарының  азаматтық құқын бірдей дәрежеде қорғайтын, бізге емін-еркін, жақсы өмір сүруге мүмкіндік беріп отырған  Ата Заңымызды мейлінше қастерлеп, ардақтауымыз керек. Меніңше, Қазақстан халқының еркіндігі мен бостандығын қамтамасыз ете отырып, біртұтас мемлекетіміздің дамуына айқын жол сілтеп отырған біздің Ата Заңымыз қандай құрметке де лайық», деп түйіндеді ойын қалалық мәслихат хатшысы.

Соңғы жаңалықтар