Конституциялық Сот төрағасы өзін тағайындаған адамға бағынышты болсын деген талап жоқ – Өмірәлі Жалаири

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Өмірәлі Жалаири Конституциялық Сот құрылса, ол өзін тағайындаған институтқа тәуелсіз болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Қазақстанды әділетті Қазақстанға айналдыруға осы референдум үлкен серпін береді деген үмітім бар. Конституцияның үштен бірі өзгереді, оның үстіне қомақты-қомақты өзгерістер болайын деп отыр. Біз суперпрезиденттік басқарудан жай президенттік басқаруға көшеміз. Президенттің кейбір өкілеттерін Парламентке, Үкіметке беру мәселелері референдумға шығарылмақшы. Адам құқығын қорғайтын арнаулы омбудсмен деген бар. Соның да мәртебесі үлкейгелі жатыр. Ол конституциялық тұлға болады. Халықтың конституциялық құқығын, бостандығын қадағалайтын орган болып саналады. Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот құрылуы мүмкін. Бұл да үлкен өзгеріс», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, Конституциялық Сотқа жүгінетін адамдардың қатары көбейеді.

«Бұрын тек лауазымды адамдар ғана жүгінсе, енді кез келген Қазақстан азаматы шағымдана алады. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгіне алатын болады», - деді Өмірәлі Жалаири.

Референдумға шығарылған баптардың бірінде Президент бұрын облыс әкіміне бір адам ғана ұсынса, енді міндетті түрде кем дегенде екі адам ұсынуға міндеттелетіні айтылған. Мұны спикер мәслихат депутаттарының өкілетін көтерудің төте жолы деп бағалайды.

«Мәслихат Президент ұсынған үміткерлердің бірін таңдайды. Жалпы конституциялық реформа аясында мәслихаттың рөлін күшейту көзделіп отыр. Парламентті жасақтау пропорционалдық және мажоритарлық жүйемен ұйымдастырылады. Депутаттардың 30 пайызын халық тікелей дауыс беру арқылы, өздері таңдайды. Депутат мандатын қайтару деген бар. Императивтік мандат дегеннің мәні сонда. Егер сайланған депутат халықтың үдесінен шықпаса, сайлау алдында берген уәдесін орындамаса, сайлаушылар мандатты қайтарып алады. Көппартиялы мемлекет болудың мүмкіндігі артады. Өйткені партия тіркеу үшін жиналатын қолдың саны бұрын 20 мың болса, қазір 5000-ға түсірмекші. Партия деген арнаулы топтың өкілдері десек, әр топ өз мүддесін өз партиясы арқылы қорғауға мүмкіндік алады. Жалпы бұл референдум біздің алға басуымызға үлкен әсер етеді. Сондықтан алдағы референдумға белсенді қатысып, азаматтарды елді басқаруға қатысуға мүдделі екенін көрсететін сәті туып тұр», - дейді ғалым.

Сарапшы халықтың бұл референдумға белсенді қатысуы не үшін маңызды екенін атап өтті.

«Дауыс беруге құқығы бар азаматтардың кемінде 50 пайызы қатыспаса, референдум өткен болып есептелмейді. Бұл бір жағынан халықтың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуға қаншалықты дайын екенін көрсететін фактор болайын деп тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін Алаш ардақтыларының «Оян, қазақ» деген өсиеті орындала бастады. Халық ояу», - дейді Өмірәлі Жалаири.

Ғалым Ұлттық құрылтай институының құрылуын да жағымды тенденцияға балап отыр.

«Құрылтай деген бабаларымыз пайдаланған тәсіл екенін білесіз. Соны қазіргі заманға икемдеп, сол арқылы халықтың шешім қабылдауға қатысуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді құқықтанушы.

Сондай-ақ, ол Конституциялық Соттың төрағасын Президенттің тағайындайтыны туралы нормаға түсініктеме берді.

«Біз Президенттік басқару нысанындағы ел болғандықтан, бұл жерден астар іздеудің қажеті шамалы. Конституциялық Сот құрылып жатса, ол тәуелсіз болады. Оған күмәнданудың қажеті жоқ. Өйткені ешкімге бағынбайды. Конституциялық соттың шешімі ешқандай шағымдануға жатпайды, сол үшін енгізіліп отыр. Ол қабылдаған шешім міндетті түрде орындалады. Оны Президент те, Парламент те жоя алмайды. Демек, өте тәуелсіз мемлекеттік орган болады. Конституциялық Сот төрағасы тағайындаған адамға бағынышты болсын деген талап жоқ. Сондықтан бағынбауға толық мүмкіндігі болады», - деді құқытанушы.

Айта кетейік, бүгін «Евразия» арнасында сағат 10:00-де, «Хабар» - 12:45-те, «Qazaqstan» - 16:05-те, «Qazaq TV» - 20:15-те, «Алматы»- 20:35-те референдум туралы деректі фильм көрсетіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар