Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылмақ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімін 8 жылға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік практикаға сәйкес, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкілеттік мерзімінен асып кетуі керек. Мысалы, Германия, Италия, Испания, Португалия және басқа да бірқатар елдердің конституциялық соттары осылай қалыптасады. Бұл Конституциялық Сот судьяларының әртүрлі саяси күштердің әсерінен тәуелсіздігінің негізгі кепілі», - деді «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын таныстырған министр.

Қанат Мусиннің атап өтуінше, осыған байланысты заң жобасында Конституциялық Соттың судьялары қайта тағайындалуына шектеу қоя отырып, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін 8 жылға дейін ұлғайту көзделген.

Бұған дейін Қ.Мусин астана атауын қайтаруға қатысты айта келе: «Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылауда. Ол кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтардың үндеулерінде көтерілді. Сондықтан қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді», - деген болатын.

Сондай-ақ Әділет министрі Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар