Конституциялық сот бірінші өтінішті іс жүргізуге қабылдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламентінің бір топ депутаты Конституциялық сотқа ҚР Конституциясының 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініш жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Конституциялық сот Қазақстан Республикасы Парламентінің бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады», - делінген Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланған ақпаратта.

Таратылған мәліметке қарағанда, «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық соттың отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Конституциялық соттың шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 62-бабы 4-тармағында Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданатындығы жазылған.

Конституциялық сот азаматтардың жолданымдары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.

Азаматтардың жүгіну шарттары мен тәртібі Конституциялық заңның 45-бабында анықталған. Егер жолданым азаматтың атынан берілсе, оның жазбаша келісімі қажет. Конституциялық заңның 44-бабы 4-тармағы 6) тармақшасының талабы 2024 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізіледі.

Азаматтардың жолданымдарын қарау кезінде заңды өкілдер, адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын заң консультанттары, сондай-ақ заңмен, жарғымен немесе ережемен ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген осы ұйымдардың уәкілетті адамдары өкіл бола алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова ҚР Конституциялық сотының Төрағасы лауазымына тағайындалған еді.

Естеріңізге сала кетсек, 4 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті.

«Шын мәнінде, Конституциялық сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, прокуратура, сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар