Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды қадам болды - Алтай Көлгінов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды қадам болды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының активінде партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның атап өткеніндей, Елбасының бастауымен бір айдан астам уақыт бойы кеңінен талқыланған конституциялық өзгерістер халықтан қолдау тауып, Ата заңға енгізілді. Мемлекет басшысы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөліп, бірқатарын Үкімет пен Парламентке берді. Соған сәйкес жергілікті атқарушы биліктің де рөлі артып, құзыреттілігі кеңейетін болады. Осылайша еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты.

Жиында баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің тұтастығын қамтамасыз ету үшін президенттік институттың мүмкіндіктерін тұрақтандыру қажет болғанын, соған сәйкес жүргізілген реформалардың халық арасында қолдау тапқанын жеткізді.

«Тәуелсіздік жылдарында мемлекет  билігі  қалыптасып, қоғамымыздың сан салалы өмірі дамыды, азаматтардың қорғалуы мен қауіпсіздігі, барлық мәселелерінің шешілуі, елдің халықаралық саясатқа биімделуі тек Президент арқылы ғана жүзеге асты. Қарапайым адам мемлекеттік билікті Президентсіз елестете алмайтын еді. Мемлекетті қалыптастырудың алғашқы жылдарында биліктің Президент қолына жиналуы, оның өкілеттігінің қарымды болуы сол кезеңдегі саяси ахуалдан туындаған еді. Енді қоғамымыз жетіліп, дербес кəсіби мемлекеттік тетік қалыптасқан кезде Президенттің мойнындағы жүкті жеңілдетіп, біраз өкілеттікті Парламент пен Үкіметке бөліп беру - қисынды қадам, тәуелсіз ел тарихындағы батыл бетбұрыс. Мұндай маңызды қадамның еліміз үшін тағдыршешті маңызы бар. Бұл - біздің елдігіміздің есеюі­нің келісті көрінісі. Жиырма бес жылдың ішінде қалыптасқан қоғам­дық қатынастар мемлекеттік билік­тің жоғары органдарының беделі биіктегенін, олардың кемеліне келе бастағанын білдіреді. Жаңа жағдай конституциялық реформаның қажеттігін, өзгерістердің пісіп жетілгенін көрсетті. Осы арқылы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқының даналығына сенетінін дәлелдеп отыр. Енді біз сол сенімге сай болуды қамдауымыз қажет. Бұл ретте партияның барлық мүшелері өз күш-жігерлерін осы сенім мен жауапкершілікті ақтауға жұмсаулары керек», деді Серік Сүлеймен.

Елбасы Үндеуін талқылау мақсатында облыста 212 мүшесі бар 14 ақпараттық топ құрылып, жұмыс жасады. Желілік кестеге сәйкес мыңға жуық кездесу ұйымдастырылып, саяси-бұқаралық және түсіндіру жұмыстарымен 160 мыңнан астам тұрғын қамтылды. 100-ге тарта ұсыныстар айтылып, олардың бәрі жинақталып, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына жолданды. Елдің пікірін ескере отырып, қабылданған конституциялық өзгерістер саяси жүйені демократияландырудағы маңызды қадам болғандығы анық.

Актив жиынында сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, «Батыс энерго ресурсы» ЖШС-дағы бастауыш партия ұйымының төрайымы Светлана Мүкиева, облыстық мәслихат депутаты, «Болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі Салтанат Тұманбаева жаңа реформаны қолдайтындықтарын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар