Конституциялық реформа елімізді дамытудың жүйелі әрі заңды сатысы - Елеусін Сағындықов

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елеусін Сағындықов Елбасының тарихи рөлін Ата заңда белгілеу қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы ұсынған конституциялық реформа аса қажет. Мұндай шешім Мемлекет басшысының саяси реформаларды іске асыруды көп ойланып, мың толғанып, жеті өлшеп, бір кескен кесімді ісінің нәтижесі. Президент Қазақстан Республикасының мемлекеттігін қалыптастыруда прагматикалық пайымдарын іс жүзінде асырды. Ежелгі Ұлы Дала билеушілерінің аңсарлы арманы «Мәңгілік Ел» тұғырнамасын жасап, іргетасын қалады»,-деді сенатор.

Елбасы әлемде бейбітшіл саясаткер ретінде танылғанына тоқталған депутат, осындай басты жетістіктерді негізге ала отырып, Ата заңымызда еліміздің егемендігін және Елбасының тарихи рөлін белгілеу туралы Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың ұсынысын қолдайтынын атап өтті.

«Парламент өкілеттіктері бойынша ұсынылып отырған өзгерістер Сенат жұмысының да ауқымын кеңейтеді. Жоғары палата әрқашан да мемлекеттік базалық құндылықтардың тұрақтылығына кепіл болады. Сенат бірнеше рет тұтастай Парламенттің қызметін жоғары кәсіби жауапкершілікпен атқарған. Парламенттік жүйенің орнықтылығын, барлық билік тармақтарының тұрақты жүйесі қалыптасқанын дәлелдеді», - деді Сағындықов.

Сөз соңында ол конституциялық реформа елімізді дамытудың жүйелі әрі заңды сатысы екенін айта келе, Қазақстан халқы Елбасының тарихи шешімінің нәтижелі жүзеге асуына біртұтас ауызбіршілікпен атсалуға міндетті екенін жеткізді.  

Соңғы жаңалықтар