Конституциялық Кеңес Үкіметке ана мен баланың құқықтарын қорғауға қатысты ұсыныс берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанда ана мен бала құқығын қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үстіміздегі жылы Конституциялық Кеңес Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы  26 желтоқсандағы Кодексінің 47-бабы 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады. Конституциялық Кеңес өзінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысында әйелдің жүктілігі, босану кезіндегі және одан кейінгі уақытта өзін күтіп-бағуға баланың әкесінен қаражат алу құқығын, олардың арасында некелік қарым-қатынастардың болуына немесе болмауына қарай жіктеу мемлекеттің некеге негізделген отбасы институтын қорғау бойынша өз міндеттемелерін іске асыруына байланысты деп түсінік берді», - деп тоқталды Қайрат Мәми.

Сонымен бірге, Конституциялық Кеңес табиғи жаратылыстану заңдарына байланысты жүктілік кезеңінде және бала өмірінің алғашқы жылдарында баланың мүддесін оның анасынан бөліп қарау мүмкін емес деп атап өтті.

«Осы маңызды кезеңде ананың және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін барабар қорғауға кепілдік беру қажет. Ол баланың және оның қамқоры болып отырған анасының да тіршілігін қажетті деңгейде барынша сақтауды қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктерді белгілеуді білдіреді. Конституциялық Кеңес Кодекстің 47-бабы 5-тармағын конституциялық деп тани отырып, неке-отбасы заңнамасының жекелеген кемшіліктерін көрсетті. Онда Кодекстің қаралған нормасындағы «босанғанға дейінгі кезең» және «босанғаннан кейінгі кезең» деген ұғымдардың мазмұны және олардың уақыт шектері анықталмаған», - деп түсіндірді ол.

Қ. Мәмидің сөзіне қарағанда, соттың аталған ұсынысын қарау барысында некеге тұрмаған әйелдердің және олардың асырауындағы мүгедек-балалардың заңды мүдделерін қорғауға байланысты басқа да сұрақтар туындады.

«Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес Үкіметке ана мен баланың құқықтарын және бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы  26 желтоқсандағы Кодексіне түзетулер енгізуге бастамашылық жасау туралы мәселені қарауға ұсыным берді», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар