Конституциялық Кеңес Президенттің өтініші бойынша шешім қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституциялық Кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды Республика Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституциялық Кеңестің шешіміне берілген түсініктемені ұсынамыз

* * *

Конституциялық Кеңес аталған Заңды Конституцияға сәйкес деп таба отырып, оның жекелеген ережелерінің дәлме-дәл тұжырымдалмағанына және сабақтас нормалармен үйлеспейтініне назар аударды. Ондай мәтін заң нормаларын оң түсінбеуге, соның себебінен теріс қолдануға жағдай жасауы мүмкін.

Мәселен, заң консультантының құпиясын сақтау міндетінен алып тастауларды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде белгілеуге жол берілмейді деп танылды. Кеңестің пікірінше, заң консультанттарының кәсіптік құпияны сақтау міндеті олардың клиенттерінің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, сол себепті одан алып тастаулар тек заңдармен реттелуі тиіс.

Шешімде адвокатты лицензиядан айыру және оның адвокаттар алқасындағы мүшелігін тоқтату рәсімін, оның ішінде аттестаттау қорытындылары бойынша, бұл әрекеттердің нақты процедурасын анықтау мүмкін еместігі атап өтілді.

Кеңес адвокаттар көрсететін заң көмегінің түрлеріне қатысты түзетулердің үйлеспейтінін анықтады. Бейінді заңда олардың тізбесінен құқықтық мәселелер бойынша анықтамалар беру алып тасталған. Дей тұрғанмен, Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың осындай анықтамалар алу құқығы сақталған.

Кеңес құрамы заң консультанттары палаталарының ерікті мүшелігіне негізделген коммерциялық емес ұйым ретінде Республикалық заң консультанттары алқасын құруды көздейтін Заңның ережелерін сыни тұрғыдан бағалады. Конституциялық Кеңес заңда палаталар жарналарының төменгі шегін бекіту және басқа шараларды іске асыру, егер олар заң консультанттарының бүкіл қоғамдастығына қатысты болса, олар көрсететін заң көмегінің сапасын арттыруға ықпал етсе және қызметтің бір саласы өкілдерінің арасында теңдікті бұзу үшін жағдай жасамаса, орынды болуы мүмкін, деп есептейді.

Бұдан басқа, заңда заң көмегін көрсету мәселелерін құқықтық реттеу деңгейлеріне қатысты ішкі қайшылықтар анықталды. Егер кейбір нормаларда бұл мәселелер тек заңдармен регламенттелуі мүмкін деп көрсетілсе, ал басқа нормаларда заңдық күші төмен өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеуге жол берілген.

Баяндалғанды ескере отырып, Конституциялық Кеңес құқықтық коллизияларды жою мақсатында заң шығарушының назарын ағымдағы заңшығармашылық қызметі аясында қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне аударды.

Конституциялық Кеңес атап көрсеткендей, білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Осы құқық Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын іске асырумен тығыз байланысты.

Осыған орайда мемлекет жеке адамның аталған құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауы тиіс.

Конституциялық Кеңес қаулысының толық мәтіні басылымдарда және Кеңестің сайтында жарияланады.


Соңғы жаңалықтар